Мазмұнға өту
Жаңалықтар

Халық Кеңесі өңірлерге шықты. Енді бұл кездесулер не өзгертеді?

129 рет оқылды3 минут оқу

Қазақстан Халық Кеңесі өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді тек жиындар мен отырыстар аясында талқыламай, жағдайды жергілікті жерден зерделеуге басымдық бере бастады. Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, денсаулық сақтау, балаларды оңалту, инклюзивті білім беру, мәдениет пен спорт салаларындағы жағдаймен танысты.

Бұл бағыт Қазақстан Халық Кеңесінің өңірлермен жұмысты күшейту жөніндегі жаңа моделінің практикалық жалғасы деуге болады. Бұған дейін halyq-kenesi.kz «Өңірлердің үні Астанаға жете ме: Халық Кеңесі жаңа жұмыс кезеңіне кірісті» атты материалында өңірлердегі мәселелерді анықтап, оларды жалпыұлттық күн тәртібіне шығарудың жаңа тетіктері туралы жазған болатын.

Сапар барысында Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларын іс жүзінде жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударылды.

Өскеменде онкологиялық көмектің мүмкіндіктерімен танысты

Өскемен қаласында Ләззат Шыңғысбаева Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының қызметімен және инфрақұрылымымен танысты.

Орталықта қолданылатын заманауи емдеу әдістері мен озық медициналық тәжірибелерге ерекше назар аударылды.

Мұндай сапарлардың маңызы әлеуметтік және медициналық проблемаларды есеп немесе статистика деңгейінде ғана емес, нақты мекемелердің жұмысы арқылы көруге мүмкіндік беруінде.

Қазақстан Халық Кеңесінің өңірлік мәселелерді жүйелі түрде жинақтап, мемлекеттік органдар деңгейіне жеткізу тетігі бұған дейін де күн тәртібіне шыққан. Қоғамдық кеңестермен өзара іс-қимылға арналған кездесуде өңірлердегі жүйелі проблемалардың бірыңғай картасын қалыптастыру ұсынылған еді.

Қостанайда жыл сайын 900-ге жуық бала оңалтудан өтеді

Қостанай облысының орталығында Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығының ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен орталықта жыл сайын шамамен 900 балаға көмек көрсетілетіні айтылды.

Балалардың жүру дағдыларын қалпына келтіруге швейцариялық Lokomat роботтандырылған кешені қолданылады.

Сапар барысында оңалту қызметінің қолжетімділігімен қатар, денсаулық сақтау мен инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелер де талқыланды.

Бұл мәселелердің Халық Кеңесіне дейін жетуі жаңа қоғамдық кері байланыс жүйесі үшін де маңызды. Бұған дейін halyq-kenesi.kz азаматтардың бастамалары мен ұсыныстарын Кеңеске тікелей жеткізудің арнайы тетігі әзірленіп жатқанын жазған болатын.

Арқалықта балаларды оңалту мен мәдени инфрақұрылымға назар аударылды

Сапардың келесі бөлігі Торғай өңірінде жалғасты.

Мұнда балалардың дамуына, денсаулығын нығайтуға, сондай-ақ мәдениет пен спортқа қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірнеше жоба таныстырылды.

Ләззат Шыңғысбаева заманауи жабдықтармен және музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілген жаңартылған Мәдениет сарайының залдарын аралады.

Сондай-ақ жылына 600-ге жуық балаға көмек көрсетуге арналған Арқалық өңірлік оңалту орталығының мүмкіндіктерімен танысты.

Әлеуметтік нысандардың жұмысымен жергілікті жерде танысу Халық Кеңесі үшін өңірлердегі нақты қажеттіліктерді республикалық деңгейдегі ұсыныстармен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Халық Кеңесінің құрамында өңірлер мен азаматтық қоғам өкілдерінің болуы да осы міндетпен сабақтас. Кеңестегі қоғамдық өкілдік пен өңірлер үнінің шешім қабылдау жүйесіне қаншалық ықпал ете алатыны туралы halyq-kenesi.kz бұған дейін «957 бірлестік, 126 мүше: Халық Кеңесі халықтың үнін шешімге жеткізе ала ма?» атты материалында саралаған болатын.

Тәуіш ауылындағы спорт кешеніне барды

Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Тәуіш ауылындағы спорт кешенінің жұмысымен де танысты.

Кешенде футбол, волейбол, баскетбол және спорттың басқа да түрлерімен айналысуға жағдай жасалған.

Ұжымдармен өткен кездесулер барысында денсаулық сақтау және инклюзивті білім беру салаларындағы бірқатар өзекті мәселе көтерілді.

Ендігі маңызды мәселе – өңірлерде айтылған ұсыныстар мен анықталған проблемалардың сапар қорытындысымен бірге қалып қоймай, нақты шешімдерге айналуы.

Өйткені Қазақстан Халық Кеңесінің алдына қойылып отырған негізгі міндеттердің бірі – жергілікті жердегі қоғамдық сұранысты анықтап қана қоймай, оны сараптап, тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жеткізу.

Бұл ретте Халық Кеңесі мен қоғамдық кеңестердің жаңа өзара іс-қимыл тетігі маңызды рөл атқармақ. Кеңес басшылығы бұған дейін мемлекеттік органдардың қоғамдық кеңестер ұсынымдарының орындалуы жөнінде есеп беру жауапкершілігін күшейту мәселесін де көтерген.

Сондықтан Ләззат Шыңғысбаеваның өңірлік сапарының нәтижесі араланған нысандар санымен емес, Өскемен, Қостанай, Арқалық және Тәуіште көтерілген мәселелердің кейін қандай шешімге ұласатынымен өлшенбек.

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.