Мазмұнға өту
Жаңалықтар

«Яндекс» үстемдігіне кім тоқтау салады? Ермұрат Бапи Qajet Taxi-ді бүкіл ел болып қолдауға шақырды

4 308 рет оқылды4 минут оқу

Қазақстанның такси нарығында жаңа бәсеке басталды. Бірақ мәселе жолаушыны арзан тасымалдаумен ғана шектелмейді. Әңгіме – отандық технологияның болашағы, ұлттық экономикалық дербестік және қазақстандықтардың жеке деректерінің қауіпсіздігі туралы. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Ермұрат Бапи отандық Qajet Taxi жобасын қолдау мәселесін көтеріп, мемлекеттің де, қоғамның да назарын осы саладағы бәсекелестікке аударды.

Halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігі хабарлайды: қоғам қайраткері Ермұрат Бапи Facebook желісіндегі жазбасында Qajet Taxi жобасының бастамашыларымен кездескенін айтып, отандық тасымал жүйесін дамыту жолындағы кедергілерге тоқталды.

Оның пікірінше, нарықта үстемдікке ие ірі компаниямен бәсекелесу үшін кәсіпкерлердің ынта-жігері жеткіліксіз. Бұл мәселеде мемлекеттің құқықтық қолдауы, адал бәсекелестік және тұтынушылардың саналы таңдауы маңызды.

«Біздің әрқайсымыз Qajet Taxi қосымшасын жүктеп алып, тек қана «Қажетке» тапсырыс берсек – болғаны! Бұл біздің ұлттық жобаға құйған халықтық субсидиямыз болады», – дейді Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі.

Ермұрат Бапи отандық платформаны қолдауды ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырып, жеке деректерді қорғау мәселесін де көтерген.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қатарындағы Ермұрат Бапидың әлеуметтік желідегі жазбасын назарларыңызға толық ұсынамыз.


«ҚАЖЕТТІ» ҚАЛАЙ ҚОЛДАЙМЫЗ?

Ермұрат Бапи, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:

Жуықта ғана пайда болған Qajet taxi жобасының бастамашы жігіттерімен жолығыстық. Ресейдегі Яндекс оқиғасынан кейін, бөтенге кіріптар болмай, өзіміздің ұлттық тасымал жүйесін құрайық деп, жедел іске кіріскен энтузиаст-патриот азаматтарды бүкіл ел болып қолдау керек-ақ болып тұр.

Бұған дейін осы қолдаудың жетегімен көлік министрлігінде бірер азаматты сөзге тартқан едім. Обалы не керек, бойында ұлтқа деген қаны бар жігіттер елдік дербес жүйені жүргізе жөнелуге осы қолайлы сәтті шұғыл пайдалану қажеттігі туып тұрғанын айтып отыр.

Сол кездесуден не тұжырым түйдік? Бүгінгі капитал билеген заманда нарықта тұрақты жұмыс істеп тұрған субъектіні административті жолмен ығыстыруға нарық заңы мүмкіндік бермейтін көрінеді. Қарапайым мысалмен айтқанда, Кока-кола сияқты трансұлттық компанияға айналып бара жатқан Яндекс-монстрды бір ғана энтузиазмның күшімен алмастыру оңай іс емес екен. Бұл арада монстр-тасымалдаушыға нарық тәртібі жәрдем жасайды.

Яғни, Яндекс нарықта енді ғана пайда болған жаңа компанияны баға тарифін мейлінше түсіру арқылы жаншып тастайды. Оның үстіне, өздеріне тіркелген тасымалдаушы таксистерге берілетін жеңілдік бонустарды да арттырып, нарыққа енді кірген жаңа компанияның рентабельділікке жетуіне мүмкіндік бермейді. Өткен жылдары ашылған қытайлық тасымалдаушыны Яндекс осындай нарық нұсқасымен ноқталап тастаған.

Амал жоқ, бұл – конкуренттік ортаның заңы! Бірақ Qajet taxi жобасын ашқан біздің жігіттер жанып тұр. Халықтың да қолдауы жаман емес: қазірдің өзінде Qajet-ке 250 мыңнан астам адам тіркелген екен. Бұл – айналасы оншақты күннің ішіндегі қолдау!

Енді тек оларға ұлттық тасымалдаушыны демейтіндей, тиісті меморгандар тарапынан қолдау керек! Әрине, үкімет тікелей (целенаправленный) субсидия бөле алмайтын шығар. Егер емен есікті үлкен кабинеттерде саяси шешім шығатын болса, бұл мәселені де еңсеру қиын болмас…

Сонымен бірге, ұлттық брендке мүдделі болсақ, Антимонополиялық заңнаманың тиісті нормаларын пайдалану арқылы отандық тасымалдаушыны қолдау тетігін табуға болса керек. Ресейлік «Күнделік» қосымшасынан құтылғанымыз сияқты, «Қажеттің» елдік мүддеге қажетті жігіттерін қолдау арқылы ұлттық компания құру – біздің мемлекет үшін шырт түкірумен бірдей болмақ.

Бұған түрткі болатын себеп-салдарды да Құдай беріп тұр: қазақстандық халықтың сандық-цифрлық жеке деректерін қорғау қажеттігін пайдалану мүмкіндігі туып тұрған жоқ па?! Мектеп оқушылары мен ата-аналардың жеке бас деректері «Күнделік» арқылы сыртқа «ағып жатыр» деп, Парламент Мәжілісінде депутаттық сауал ретінде сөз еткенде, мен дәл осы жеке деректерді қорғау – ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін көлденең тартқан едім…

Ал Qajet taxi жобасын біздің халық қалай қолдай алады? Біз елдік мүддені сыртқы қатерден қайтып қорғаймыз?

Меніңше, бұл тіптен оңай, оған үкіметтің ишарасы қажет те емес! Ол үшін біздің әрқайсымыз Qajet taxi қосымшасын жүктеп алып, тек қана «Қажетке» тапсырыс берсек – болғаны!

Бұл біздің ұлттық жобаға құйған халықтық субсидиямыз болады да шығады! Ел экономикасы мен халықтық мүддені елдік инвестициямен қаржыландыру деген осы!

Ендеше, алға, ағайын!

Qajet – бізге қажет!


Редакциядан: Ермұрат Бапидың көтерген мәселесі отандық цифрлық платформалардың болашағы, такси нарығындағы бәсекелестік және азаматтардың дербес деректерін қорғау төңірегіндегі қоғамдық пікірталасты өзектендіріп отыр.

Отандық сервиске нарықта тең мүмкіндік беріліп отыр ма? Ірі тасымал платформаларының тариф саясаты қаншалықты ашық? Жолаушылар мен жүргізушілердің құқықтары қалай қорғалуы тиіс?

Бұл сұрақтар мемлекет, бизнес және қоғам тарапынан нақты жауапты қажет етеді.

Сіз не ойлайсыз? Отандық такси қызметтерінің жұмысына қатысты ұсынысыңыз немесе қоғамдық маңызы бар мәселеңіз болса, «Халық дауысы» бөлімі арқылы редакцияға жолдаңыз.

Дереккөз: Ермұрат Бапидың Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасы. Автордың ұстанымы мен онда келтірілген мәліметтер оның жеке пікірін білдіреді.

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

Көп оқылған

Соңғы жаңалықтар

Экология ұранмен түзелмейді: Ерлан Қошанов ECO Network жобаларының нақты нәтижесіне назар аударды

«Сараман жолы»: қазақ зиялыларының күрделі тағдырын баяндайтын тарихи еңбек

ШОБ-тың экономикадағы үлесі 40,4%, бірақ несие әлі қымбат: Нұртай Сабильянов нақты шешім сұрады

Қазақстанның цифрлық карталары Qajet такси арқылы тәжірибеде сыналмақ

Ғалымның жалақысы, мектептегі буллинг, жастардың болашағы: Халық Кеңесіндегі 66 бастама нақты шешімге айнала ма?

Біз әлеуметтік желідеміз

Қазақстан Халық Кеңесі

Жоғары конституциялық консультативтік орган

Кеңес туралы →

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.