Мазмұнға өту
Жаңалықтар

«КСК-ға не үшін ақша төлейміз?»: Талдықорған тұрғындары лифт қауіпсіздігі мәселесін көтерді

1 497 рет оқылды3 минут оқу

Halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігінің «Халық дауысы» айдарына алғашқы өтініш келіп түсті. Талдықорған қаласының Қаратал шағын ауданында тұратын тұрғындар көпқабатты үйлердегі лифт қауіпсіздігіне, КСК қызметіне және жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаражатқа қатысты өзекті мәселе көтеріп отыр.

Тұрғындардың айтуынша, үйлеріндегі екі лифтінің біреуі 16–17 жылдан бері жұмыс істемейді. Ал екінші лифтіні жөндету үшін пәтер иелері өз қалталарынан қомақты қаражат шығаруға мәжбүр болған.

Редакция тұрғындардың өтінішін мазмұнын өзгертпей, тілдік және емлелік тұрғыдан өңдеп жариялап отыр.

«Бір лифтіміз 16–17 жылдан бері жұмыс істемейді»

Біз Талдықорған қаласының Қаратал шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйде тұрамыз.

Біздің 10 қабатты үйіміздің бір кіреберісінде 40 отбасы тұрады. Бұл шағын ауданда бірнеше кіреберісі бар 7–12 қабатты зәулім үйлер көп. Олардың басым бөлігі бір ғана КСК-ға қарайды.

Айтпағымыз мынау: біздің үйде бұрын екі лифт болған. Соңғы 16–17 жылдан бері соның біреуі ғана жұмыс істейді.

Бірнеше рет ауысқан КСК басшыларының айтуынша, басқа үйлердегі істен шыққан лифтілерді жөндеу үшін біздің екінші лифтіміздің саймандары мен бөлшектерін алып, соларға орната берген екен.

Ал лифтінің басқарылуы, қауіпсіздігі және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету соңғы кезде Алматы қаласындағы лифт басқару мекемесіне берілген дейді.

Осыдан 3–4 жыл бұрын жұмыс істеп тұрған жалғыз лифтіміз апаттық жағдайда тоқтап қалды. Сол кезде, ұмытпасам, үшінші қабаттан жоғары тұратын 32 пәтердің иелері әрқайсысы 74 мың теңгеден ақша төлеп, лифтіні жөндеттік.

Әйтеуір бір жөндеу жұмысы шыға қалса – лифтіні жөндеу, үйдің сыртын бояу, сылағы түскен жерлерді қалпына келтіру, сантехник шақыру, домофонды жөндету, баспалдақтарды бояу, әр қабаттағы плиталарды ауыстыру, қысқасы, небір жөндеу жұмыстарының бәріне КСК басшысы:

«Өздерің ақша жинауға міндеттісіңдер. Осынша ақша жинасаңдар, мен жөндейтін адамдарды тауып беремін», – деп шығады.

Немесе:

«Өздерің әкімдікке барыңдар. Менің айтқаныма әкімдік көнбейді», – дейді.

Сонда біз КСК-ға не үшін қыруар ақша төлеп отырмыз? Олардың айлығын біз төлеп отырған жоқпыз ба?

2026 жылдың шілде айынан бері Президентіміздің «Халық басшыға емес, басшы халыққа қызмет көрсетуі тиіс» деген сөзі айтылып жүрген жоқ па?!

Жалпы, айтпағымыз – осы КСК мен тұрғындардың арақатынасы, әсіресе адам өміріне аса қауіп төндіруі мүмкін лифтілердің қауіпсіздігіне кім жауап беретіні туралы мәселе.

КСК деген қандай мекеме? Оның тұрғындар алдындағы нақты міндеті мен жауапкершілігі қандай?

Біз қазірдің өзінде коммуналдық төлемдерді бірнеше жерге төлейміз. Баға да шарықтап өсіп барады.

Осыған байланысты халықтың мүддесін мемлекетіміздің мүддесімен сәйкестендіретін басқару жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуге атсалысып, мәселенің оңтайлы шешімін табуға ықпал етсеңіздер екен деген ниетпен өтініш-пікірімізді жолдаймыз!

Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Талдықорған қаласы, Қаратал шағын ауданының тұрғындары.


Редакциядан

Бұл – Halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігінің «Халық дауысы» айдарына келіп түскен алғашқы өтініш.

Тұрғындар көтерген мәселе бір ғана үйдің жөндеу жұмыстарына қатысты емес. Мұнда көпқабатты тұрғын үйлерді басқару сапасы, тұрғындар төлейтін қаражаттың жұмсалуы, лифт жабдықтарының техникалық жағдайы және адам қауіпсіздігіне жауапкершілік мәселелері қатар көтеріліп отыр.

Әсіресе тұрғындардың 16–17 жылдан бері жұмыс істемейтін лифт туралы мәлімдемесі құзырлы органдардың назар аударуын қажет етеді.

Жетісу облысының әкімдігі мен Талдықорған қаласының жауапты мекемелері бұл өтінішке назар аударып, тұрғындар көтерген мәселелерді зерделейді деген үміттеміз.

Редакция тиісті мекемелердің ресми түсініктемесі мен жауабын жариялауға дайын.

«Халық дауысы» – тұрғындардың мәселесін көпшілікке жеткізуге арналған ашық алаң.

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

Қазақстанның цифрлық карталары Qajet такси арқылы тәжірибеде сыналмақ
1 575 рет оқылды

Қазақстанның цифрлық карталары Qajet такси арқылы тәжірибеде сыналмақ

Қазақстан цифрлық технологиялар саласында шетелдік платформаларға тәуелділікті азайтып, өз мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды бастаманы қолға алды. Еліміздің картографиялық…

Ғалымның жалақысы, мектептегі буллинг, жастардың болашағы: Халық Кеңесіндегі 66 бастама нақты шешімге айнала ма?
411 рет оқылды

Ғалымның жалақысы, мектептегі буллинг, жастардың болашағы: Халық Кеңесіндегі 66 бастама нақты шешімге айнала ма?

Қазақстанда ғалымдардың еңбекақысы, мектеп оқушыларының психологиялық қауіпсіздігі, жастардың ойынқұмарлыққа тәуелділігі және өңірлердің цифрлық дамуы әлі де өзекті мәселе.…

Көп оқылған

Соңғы жаңалықтар

Экология ұранмен түзелмейді: Ерлан Қошанов ECO Network жобаларының нақты нәтижесіне назар аударды

«Сараман жолы»: қазақ зиялыларының күрделі тағдырын баяндайтын тарихи еңбек

ШОБ-тың экономикадағы үлесі 40,4%, бірақ несие әлі қымбат: Нұртай Сабильянов нақты шешім сұрады

Қазақстанның цифрлық карталары Qajet такси арқылы тәжірибеде сыналмақ

Ғалымның жалақысы, мектептегі буллинг, жастардың болашағы: Халық Кеңесіндегі 66 бастама нақты шешімге айнала ма?

Біз әлеуметтік желідеміз

Қазақстан Халық Кеңесі

Жоғары конституциялық консультативтік орган

Кеңес туралы →

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.