Мазмұнға өту
Жаңалықтар

Ерғанат Көпжасар: Халық Кеңесінің беделін атқарған ісі қалыптастырады

542 рет оқылды2 минут оқу

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Ерғанат Көпжасар Кеңестің алғашқы сессиясының басталуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды HALYQ-KENESI.KZ ақпарат агенттігі.

Ол бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы басталды. Жаңа институттың алғашқы қадамы. Алғашқы жиын. Алғашқы шешімдер. Мұндай сәттің салмағы бірден аңғарыла бермеуі мүмкін. Уақыт өте келе бүгінгі бастаманың ел өміріндегі орны мен бағасы айқындалмақ», – деп жазды Ерғанат Көпжасар.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кеңес төрағалығына мемлекет ісінде мол тәжірибе жинаған Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынғанын атап өтті.

Кеңес мүшелерінің жасырын дауыс беруі нәтижесінде Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды.

«Жаңа қызметі құтты болып, елдік мұрат жолындағы еңбегі нәтижелі болсын!» – деді Кеңес мүшесі.

Ерғанат Көпжасар өз жазбасында жаңа институттың атауы мен оның қоғам алдындағы жауапкершілігіне де тоқталды.

«Халық Кеңесі – атауының өзі аманат арқалаған институт. Себебі халықтың атынан сөйлеуден бұрын, халықтың үнін ести білу керек. Елдің мұң-мұқтажын мінберге жеткізу бір міндет болса, сол сөздің нақты шешімге айналуына ықпал ету – одан да үлкен жауапкершілік», – деп жазды ол.

Оның айтуынша, конституциялық мәртебесі бар Кеңестің мүмкіндігі мемлекеттік саясаттың маңызды мәселелерін талқылаумен ғана шектелмейді. Кеңеске Құрылтайға заң жобаларын енгізу және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру секілді өкілеттіктер берілген.

Ерғанат Көпжасар Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі болуды мәртебеден бұрын үлкен міндет деп қабылдайтынын жеткізді.

«Өз басым Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелігін мәртебеден бұрын міндет деп қабылдаймын. Халық айтқан сөздің үлкен мінберлерде естілуіне, орынды ұсыныстың нақты іске ұласуына шамамыз келгенше үлес қосу – бізге жүктелген аманат», – деді ол.

Кеңес мүшесінің пікірінше, жаңа институттың қоғамдағы нақты орны мен беделі уақыт өте келе атқарған жұмысына қарай айқындалмақ.

«Уақыт жаңа институттың шын бағасын берер. Ал оның беделін атқарған ісі қалыптастырады. Елдің сөзі ескерусіз қалмай, халық үні нақты шешімге айналғай. Ортақ мұратқа қызмет етейік!» – деп түйіндеді Ерғанат Көпжасар.

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.