Мазмұнға өту
Жаңалықтар

Айдос Сарым: Қоғамдық палата Халық Кеңесінің жұмысын қайталамайды

64 рет оқылды2 минут оқу

Құрылтай жанындағы Қоғамдық палата мен Қазақстан Халық Кеңесінің міндеттері бір-бірін қайталамайды.

Бұл туралы Құрылтай отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында депутат Айдос Сарым айтты, деп хабарлайды HALYQ-KENESI.KZ ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Депутаттың айтуынша, екі институттың құқықтық мәртебесі мен атқаратын қызметінде елеулі айырмашылық бар.

Қазақстан Халық Кеңесі – халық мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктері Конституцияда және арнайы Конституциялық заңда айқындалған. Кеңес мемлекеттік ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеп, Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы.

Айдос Сарым Халық Кеңесінің функциялары Қоғамдық палатаға қарағанда ауқымды екенін атап өтті.

Оның түсіндіруінше, Құрылтай жанындағы Қоғамдық палатаның жұмысы негізінен заң шығару процесімен тікелей байланысты. Палата заң жобаларын жетілдіруге атсалысып, Құрылтай қабылдаған заңдардың іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқанын саралауға және қоғамнан кері байланыс алуға мүмкіндік береді.

«Қоғамдық палатаны Халық Кеңесінің жұмысын қайталайтын институт деп санамаймын», – деді депутат.

Оның айтуынша, Қоғамдық палата Құрылтай жұмысының сапасын арттыруға бағытталған қолданбалы тетік ретінде қызмет етеді. Ал Халық Кеңесінің құзыреті ел көлеміндегі қоғамдық және мемлекеттік маңызы бар мәселелерді қамтиды.

Айдос Сарым кейбір сарапшылар мен қоғам өкілдерінің екі институттың жұмысына да қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Алайда адамдардың екі алаңда қатар жұмыс істеуі олардың міндеттері мен өкілеттіктері қайталанады дегенді білдірмейтінін жеткізді.

Осылайша, Халық Кеңесі мемлекеттік саясат пен қоғамдық мүдде төңірегіндегі кең ауқымды мәселелерді қарастыратын конституциялық институт болса, Қоғамдық палата Құрылтайдың заң шығару жұмысына қоғамдық сараптама мен кері байланыс беруге бағытталған алаң ретінде жұмыс істейді.

Айта кетейік, Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылып, оның жұмысына сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерін тарту көзделген.

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.