Мазмұнға өту
Жаңалықтар

Герб. Геральд. Геральдика.

423 рет оқылды5 минут оқу

Кейде бір ғана таңбаның астарында тұтас дәуірдің үні жатады. Бір ғана қалқаннан мемлекеттің тарихын, қаланың болмысын, халықтың дүниетанымын және ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тарихи жадты тануға болады. Ғасырлар қойнауындағы гербтерге зер салсақ, оларды дүниеге әкелген қоғамның нені қастерлегенін, нені қорғағанын және өзін әлемге қалай танытқанын аңғарамыз. Сондықтан гербті жай ғана көркем бейне деп қабылдау оның табиғатын тарылтады. Герб – уақытпен тілдесетін, өткеннің өнегесін келешекке жеткізетін рәміз.

Герб ұғымын түсіндіруде өзара сабақтас үш атау қолданылады: герб, геральд және геральдика. Бұл үшеуі өзара тығыз байланысты болғанымен, әрқайсысының өзіндік мәні мен қызметі бар. Герб – мемлекетке, өңірге (облыс, қала, аудан, ауылдық округ), әулетке немесе белгілі бір қауымдастыққа тиесілілікті білдіретін ресми геральдикалық рәміз. Ол тарихи жады мен қоғамдық болмысты бейнелер, түстер және геральдикалық бейнелер арқылы жинақтап көрсетеді.

Геральд – гербтің тарихи және рәміздік тілін меңгерген, оның құрылымы мен мағынасын зерттеп, сипаттайтын және герб жасаудың кәсіби қағидаларын жүзеге асыратын маман.

Геральдика – гербтердің шығу тарихын, құрылымын, композициясын, түстері мен бейнелерін, олардың рәміздік мәнін, сипатталуы мен қолданылу қағидаларын зерттейтін ғылым. Осы үш ұғымның арақатынасы да айқын: геральдика – герб жасаудың ғылыми негізі мен қағидаларын жүйелейді, геральд – сол білімді кәсіби тұрғыда қолданады, ал герб – осы үдерістің рәміздік нәтижесі ретінде көрінеді.

Гербтің басты ерекшелігі – оның әрбір элементі белгілі бір мағынаны білдіріп, тұтас композицияның мазмұнын ашуға қызмет етуінде. Түс, фигура, пішін және олардың өзара орналасуы кездейсоқ таңдалмайды, әрқайсысы белгілі бір тарихи немесе рәміздік ұғымды жеткізеді. Герб тарихи болмыстың барлық қырын қамтуға ұмтылмайды. Мемлекеттің немесе өңірдің өзіндік сипатын танытатын ең мәнді белгілер іріктеліп, ықшам әрі жүйелі рәміздік тіл арқылы беріледі.

Бір қалқанға қаланың бүкіл тарихын, табиғатын, өндірісін, сәулетін, мәдениетін және бүгінгі жетістіктерін тізіп шығу мазмұнды байыту болып саналмайды. Керісінше, негізгі ой көмескіленіп, композицияның тұтастығы әлсіреуі мүмкін. Гербтің күші көп белгіде емес, аз белгіге терең мағына сыйғыза білуде. Әрбір сызық, әрбір түс, әрбір бейне белгілі бір ойды меңзеуге тиіс. Герб тарихи болмысты ықшам әрі танымал рәмізге айналдырады.

Осы тұста геральдтың кәсіби рөлі айқын танылады. Оның қызметі көркем бейне жасаумен ғана шектелмейді. Геральд гербтің тарихи негізін, рәміздік мазмұнын, композициялық құрылымын, түстік шешімін және геральдикалық талаптарға сәйкестігін тұтас қарастырады. Суретші бейненің көркемдік шешіміне басымдық берсе, геральд оның нені білдіретінін, неліктен дәл осы бейне мен түстер таңдалғанын және олардың тарихи әрі геральдикалық тұрғыдан қаншалықты негізді екенін саралайды.

«Гербтің суретін салу» мен «герб жасау» – екі бөлек ұғым. Герб жасау – тарих, мәдениет, символика, өнер және геральдикалық заңдылықтар тоғысатын күрделі кәсіби еңбек. Мұнда қылқаламмен қатар білім, тарихи сана, талғам және геральдикалық сауат қажет. Ал осының бәрін бір жүйеге түсіретін – геральдика. Ол гербтің сыртқы бейнесін ғана емес, оның ішкі құрылымы мен рәміздік тілін зерттейді. Қалқан пішіні, түстер мен бейнелер, композиция, рәміздік мағына, тарихи қалыптасу, сипатталу және қолданылу тәртібі – геральдиканың зерттеу аясына кіреді. Әрбір элементтің не үшін таңдалғанын, олардың өзара қалай үйлесетінін және тұтас гербтің қандай мағына беретінін де геральдика айқындайды. Геральдиканың өзіндік тілі мен қалыптасқан заңдылықтары бар. Тілдің грамматикасын білмей сауатты шығарма жазу қиын болғаны сияқты, геральдиканың қағидаларын меңгермей кәсіби герб жасау да мүмкін емес. Гербтің көркемдігі көзге көрінеді, оның мәні мен жүйесі геральдикалық білім арқылы ашылады.

Қалқанға тарихи нысандарды ретсіз орналастыру немесе әдемі көрінген белгілерді бір композицияға жинау геральдикалық шешім болып саналмайды. Әрбір белгі тарихи негізге, рәміздік мағынаға және композициялық қажеттілікке ие болуы керек. Осыдан үш ұғымның ішкі тұтастығы көрінеді. Геральдика – ғылыми негіз, геральд – кәсіби білімді жүзеге асырушы, герб – сол еңбектің рәміздік нәтижесі.

Қазақ геральдикасы ұлттық тарихи санамен және мемлекеттілікпен сабақтас дамуға тиіс. Ұлы Даладағы ру-тайпа таңбалары, хандық дәуірдің рәміздері, билік пен әскери белгілер қазақ қоғамында таңба арқылы ойлау дәстүрінің терең тамыры барын көрсетеді. Бұл мұра қазіргі ұлттық геральдиканың қалыптасуына тарихи тірек бола алады. Ұлттық геральдиканың міндеті өткенді қайталаумен шектелмейді. Тарихи мұраны заманауи мемлекеттілік тілімен үйлестіру, дәстүрлі таңбалық мәдениет пен классикалық геральдиканың ережелерін ғылыми тұрғыда ұштастыру маңызды. Осы үрдісті жалғастыра отырып, Қазақстанның өзіндік геральдикалық тілін қалыптастыруға болады.

Қазақстанның әр қаласы – тарихы мен мәдени болмысын өзіндік рәміздер арқылы танытатын айрықша кеңістік. Түркістанның рухани мұрасы, Тараздың көне өркениеттермен тамырластығы, Семейдің ұлттық тарихтағы орны, Оралдың тарихи-географиялық болмысы, Өскеменнің табиғи және өндірістік сипаты, Петропавлдың солтүстік өңірдегі тарихи орны – әрқайсысы өзіндік рәміздік шешімді қажет етеді. Мұндай ерекшеліктерді бір ғана дайын қалыпқа сыйғызу мүмкін емес. Қазақстанға сыртқы көркемдігімен ғана ерекшеленетін белгілерден гөрі, тарихты рәмізге, ал рәмізді ғылыми жүйеге айналдыра алатын кәсіби геральдикалық мектеп қажет.

Гербті тек сурет деп қарау оның тарихи мазмұнын жұтаңдатады. Геральдиканы жай безендіру өнері деңгейіне түсіру оның ғылыми табиғатын тарылтады. Геральдтың кәсіби рөлін елемеу күрделі істі кездейсоқ көркемдік шешімге тәуелді етеді. Үшеуі бір-бірін толықтырып тұрады. Герб – көзге көрінетін рәміз, геральд – оның тілін меңгерген маман, геральдика – сол тілдің ғылыми негізі мен заңдылығы.

Қазақстан үшін геральдика өткенді безендірудің құралы ғана емес. Ол тарихи жадты жүйелеудің, ұлттық болмысты танытудың және мемлекеттіліктің рәміздік тілін қалыптастырудың бір тетігі. Ұлттың тарихы кітап бетінде ғана сақталмайды. Ол көне қалалардың қабырғасында, сәулетінде, археологиялық мұрасында, тарихи атауларында және таңбаларында өмір сүреді. Герб сол тарихи жадты ықшамдап, келер ұрпаққа жеткізетін рәміздік мұраға айналады.

Өз таңбасын ғылыми тұрғыда сөйлете алған ұлт өзінің өткенін ғана емес, сол өткеннен қалыптасқан тарихи жадын да болашаққа жеткізеді. Гербтің ғұмыры бір кезеңмен немесе бір адамның талғамымен шектелмейді. Ол уақыттан уақытқа өтетін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рәміз. Оның мәні бүгінгі сәнмен өлшенбейді. Герб – өткен мен бүгінді жалғап, келешекке жететін тарихи белгі.

Айдын Рысбекұлы, Геральдист

 

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.