Сарбаз қазасы: Халық Кеңесінің мүшесі қаралы хабарды жеткізу тәртібін өзгертуді ұсынды

Бүгін Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің алғашқы отырысы өтті. Жиында қоғамдағы келісім, азаматтық бірегейлік, патриоттық тәрбие, құқықтық мәдениет пен медиация мәселелері талқыланды, деп хабарлайды halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігі.
Халық Кеңесінің мүшесі Ерқанат Көпжасар отырыс барысында соңғы уақытта қоғамды алаңдатқан әскери қызметшілердің қазасына қатысты бірқатар ұсыныс көтергенін Facebook парақшасында жазды.
Оның айтуынша, қайғылы оқиғалардың себебін анықтап, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беру – құзырлы мемлекеттік органдардың міндеті. Алайда қоғам тек болған оқиғаның салдарымен күреспей, мұндай жағдайлардың алдын алу тетіктерін де қайта қарауы қажет.
Әскерге шақырылушыларға психологиялық карточка ұсынылды
Ерқанат Көпжасар әскер қатарына шақырылатын азаматтарды медициналық тексерумен ғана шектелмей, олардың психологиялық ерекшеліктерін де кәсіби деңгейде зерделеу қажет деп есептейді.
Оның пікірінше, әскери орта адамның мінезі мен психикасына елеулі салмақ түсіреді. Сондықтан шақырылушының күйзеліске төзімділігі, қысым жағдайындағы реакциясы және төтенше жағдайда өзін ұстау қабілеті алдын ала бағалануға тиіс.
Осыған байланысты Халық Кеңесінің мүшесі әрбір әскери қызметшіге медициналық мәліметтерімен қатар психологиялық ерекшеліктері көрсетілген жеке психологиялық карточка қалыптастырып, оны әскери бөлімге бірге жіберу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Оның сөзінше, мұндай мәлімет сарбазға қандай да бір таңба тағу үшін емес, керісінше, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажет.
«Взвод, рота, батальон командирлері қарамағындағы жауынгердің психологиялық ерекшелігін білген жағдайда даярлықты да, күнделікті жұмысты да соған сәйкес ұйымдастыра алады», – деп жазды Ерқанат Көпжасар.
Қаралы хабарды жеткізудің де тәртібі болуы керек
Кеңес мүшесі көтерген екінші мәселе – әскери қызметші қаза болған жағдайда қаралы хабарды оның отбасына жеткізу тәртібі.
Ерқанат Көпжасардың пікірінше, мұндай хабарды жеткізу жай ғана қызметтік рәсім ретінде қарастырылмауы керек. Қаза туралы ақпараттың кім арқылы, қандай жағдайда және қандай сөзбен жеткізілетіні қара жамылған отбасының психологиялық жағдайына тікелей әсер етеді.
Сондықтан ол әскери қызметшінің қазасы туралы туыстарына хабар берудің нақты этикалық нормаларын әзірлеп, тиісті әдеп талаптарына енгізуді ұсынды.
Қаралы хабарды телефон арқылы кездейсоқ қызметкер емес, мүмкіндігінше қаза болған әскери қызметшінің тікелей басшысы психолог маманмен бірге жеткізуі қажет деген ұсыныс айтылды.
«Бұл – қарапайым рәсім мәселесі емес, адамға деген құрметтің өлшемі», – дейді Халық Кеңесінің мүшесі.
«Әскердің күші қару-жарақпен ғана өлшенбейді»
Ерқанат Көпжасар әскери қызметшінің мемлекет алдындағы міндетімен қатар мемлекеттің де сарбаз алдындағы жауапкершілігі болуы қажеттігін атап өтті.
«Сарбаз мемлекетке Отан алдындағы борышын өтеуге келеді. Демек, мемлекет те оның өмірі мен денсаулығына ғана емес, психологиялық қауіпсіздігі мен адами қадір-қасиетіне жауапкершілікпен қарауға тиіс», – деп жазды ол.
Халық Кеңесінің мүшесі қоғамдық алаңда айтылған мәселелер нақты ұсыныс пен шешім тетіктеріне айналған жағдайда ғана Кеңестің институт ретіндегі салмағы арта түсетінін жеткізді.
«Бірлік дегеніміз – қасірет келгенде бірге қайғыру ғана емес. Сол қасіреттің қайталанбауы үшін бірге әрекет ету», – деп түйіндеді Ерқанат Көпжасар.
Айта кетейік, Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің құрамында төрт салалық комиссия жұмыс істейді: Мәдениет пен азаматтық бірегейлікті дамыту мәселелері жөніндегі комиссия, Спорт және әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі комиссия, Жалпыұлттық бірлік мәселелері жөніндегі салалық комиссия және Құқықтық мәдениет және медиация мәселелері жөніндегі салалық комиссия.


