«Реформа үшін реформа керек емес»: Мұрат Әбенов Халық Кеңесінде нені өзгертпек?

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов Білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі салалық комиссияның төрағасы ретінде алдағы жұмысының негізгі бағыттарын таныстырды. Ол білім беру жүйесіндегі мәселелерді көтерумен шектелмей, нақты шешімдер мен заңнамалық ұсыныстар әзірлеуге басымдық беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі жазбасында Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің Білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі салалық комиссиясына жетекшілік ету өзіне жаңа қоғамдық жауапкершілік жүктейтінін айтты.
«Бұл мен үшін депутаттық қызметтен кейінгі жаңа қоғамдық жауапкершілік. Білім беру, ғылым, кадр даярлау мәселелерімен көп жылдан бері айналысып келемін. Жүйедегі кемшіліктерді ашық айтып, заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізіп жүрдім. Бұл ұстанымым өзгермейді. Бірақ енді мәселелерді көтерумен ғана шектелмей, оларды шешудің нақты жолдарын бірлесіп іздегім келеді», – деді ол.
Балабақшадан университетке дейін: алты басымдық
Мұрат Әбенов комиссия жұмысының алты негізгі бағытын белгіледі.
Біріншісі – мектепке дейінгі білім. Балабақшалар балаларды күтіп-бағумен шектелмей, олардың ойлау, сөйлеу және танымдық қабілеттерін дамытуға тиіс.
Екіншісі – мектептегі білім сапасы. Халықаралық PISA зерттеуінің нәтижелеріне назар аударған ол оқушылардың жаттап алуға емес, ақпаратты түсінуге, талдауға және өз бетінше ойлауға дағдылануы маңызды екенін айтты.
Үшіншісі – техникалық және кәсіптік білім. Оның пікірінше, еңбек нарығындағы сұраныс пен мамандар даярлау жүйесінің арасында сәйкессіздік бар. Әсіресе, білікті жұмысшылар, техниктер мен инженерлер даярлау мәселесі өзекті.
Төртіншісі – жоғары білім мен ғылым. Университеттер диплом беретін мекеме ғана емес, ғылыми зерттеулер мен технологиялық шешімдер әзірлейтін орталық болуы қажет.
Бесіншісі – цифрландыру және жасанды интеллект. Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесі нақты көрсеткіштермен, соның ішінде білім сапасы мен еңбек өнімділігіне тигізген әсерімен бағалануға тиіс.
Алтыншысы – қосымша білім және өмір бойы оқу. Әр бала қабілетін дамытуға, ал ересектер жасына қарамастан жаңа мамандық меңгеруге мүмкіндік алуы керек.
«Есеп үшін цифрландыру қажет емес»
Мұрат Әбенов білім беру саласындағы реформалардың нәтижесін азаматтардың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістермен байланыстырады.
«Бізге реформа үшін реформа, есеп үшін цифрландыру, сән үшін жасанды интеллект қажет емес. Бізге нақты нәтиже керек!» – деді комиссия төрағасы.
Оның пікірінше, адами капиталды дамыту тек білім беру ұйымдарының міндеті емес. Бұл бағыттағы шешімдер ғылым, технология, өндіріс және еңбек нарығы арасындағы байланысты ескеруі керек.
«Қазақстанның ең басты байлығы мұнай да, газ да емес. Біздің ең үлкен байлығымыз – адамдарымыз, олардың білімі, қабілеті, кәсібилігі», – деп атап өтті ол.
Министрліктермен және Құрылтаймен бірлескен жұмыс
Вера Ким жетекшілік ететін Қоғамдық бастамаларды дамыту комитеті аясындағы комиссия мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға ниетті.
Мұрат Әбенов Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевқа ашық ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ Құрылтайдың салалық комитеттерімен бірлесіп, білім, ғылым және технология саласындағы заңнамалық ұсыныстар әзірлеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, комиссия министрліктерге қарсы тұратын құрылым емес, қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық пікір алмасу және шешім іздеу алаңы болуы керек.
Қоғам ұсыныстары қалай қаралады?
Қазақстан Халық Кеңесі шеңберіндегі салалық комиссия жұмысына мұғалімдер, тәрбиешілер, ғалымдар, колледждер мен университеттердің оқытушылары, кәсіпкерлер, IT мамандары, ата-аналар және студенттер тартылады.
Мұрат Әбенов сала өкілдерін кемшіліктерді ашық айтып, нақты ұсыныстар беруге шақырды.
Қоғамнан түскен бастамаларды талқылап, қажет болған жағдайда заңдарға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды Үкіметке, тиісті министрліктерге және Құрылтайға жеткізу көзделіп отыр.
Бұл ретте комиссия қызметінің нәтижелілігі ұсыныстардың санына ғана емес, олардың қаншалықты пысықталып, нақты шешімдерге ұласатынына да байланысты болмақ.
«Барлық мәселені бір күнде шешеміз деп уәде бермеймін. Бірақ әрбір орынды ұсыныстың назардан тыс қалмауына күш саламын. Аз сөз. Көп жұмыс. Ең бастысы, халыққа пайдалы нақты нәтиже!» – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.
Ендігі мәселе – қоғамнан түскен ұсыныстардың қандай тетікпен қаралатыны, қайсысы заңнамалық бастамаға айналатыны және олардың орындалуы қалай бақыланатыны. Комиссия жұмысының нақты нәтижесі осыдан көрінбек.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы мен мүшелерінің қызметі туралы мәліметтерді арнайы бөлімнен оқуға болады.


