Мазмұнға өту
Пікір

Мереке Құлкенов: Халық Кеңесіндегі Президент сөзінің түпкі мәні неде?

751 рет оқылды6 минут оқу

HALYQ-KENESI.KZ ақпарат агенттігі Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзіне қатысты мақаласын оқырман назарына ұсынады. Қаламгер Президент көтерген ұлттық бірлік, тарихи сана, әдебиет, мемлекеттік тіл, ұрпақ тәрбиесі және қоғамды жасанды түрде жіктейтін ескі түсініктерден арылу мәселелеріне өз көзқарасын білдіреді.

«БІР ОТАН, БІР МАҚСАТ, БІРТҰТАС ҚОҒАМ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзі елдің қоғамдық-саяси және рухани өміріне қатысты өзекті мәселелерді қамтыған маңызды сөз болды. Президент сөзінде қоғамдық диалогты дамыту, ұлттық бірлікті нығайту, тарихи сананы жаңғырту, ұрпақ тәрбиесі, мемлекеттік тіл, өңірлердің үнін есту және азаматтық жауапкершілік секілді мәселелер кеңінен қозғалды.

Көшелі де мағыналы сөздің негізгі мәні – қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты одан әрі нығайту. Бүгінгі таңда елдің дамуына қатысты маңызды мәселелерді тек мемлекеттік органдардың деңгейінде ғана емес, қоғамның тікелей қатысуымен талқылаудың маңызы артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Халық Кеңесі қоғамдық пікір мен мемлекеттік шешімдердің арасындағы байланысты күшейтетін алаң ретінде қалыптасары сөзсіз.

— Бұл тұста мақаладағы ой Халық Кеңесінің негізгі мәніне – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты тереңдету мәселесіне келіп тіреледі. Жаңа институтқа қатысты қоғамдық күтудің бірі де халықтан шыққан пікірдің үлкен мінберде естілуі ғана емес, оның нақты шешімдерге ұласуы болмақ. —

Мемлекет басшысы: «Біз ұлттық сана-сезімге серпіліс беріп, жұртымызды ортақ мүддеге жұмылдыру үшін қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсуіміз қажет», – деді. Бұл сөздің астарында үлкен мән бар. Қоғамда түрлі пікірдің болуы – қалыпты құбылыс. Бірақ сол пікірлердің барлығы елдің ортақ мүддесі, қоғамдық келісім және ұлттық тұтастық төңірегінде тоғыса білуі қажет. Бұра тартатын, елдің тұтастығы мен бірлігіне нұқсан келтіретін біржақты алакүлік ой-пікірлердің біздің қоғамға қажеті шамалы.

Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – түрлі этнос пен мәдениеттің өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқан қоғам қалыптастыруы. Сондықтан қоғамдық келісім мәселесі әрдайым өзекті болып қала береді. Бұл бағытта мәдениет пен әдебиеттің атқаратын қызметі айрықша. Өйткені әдебиет – адамдарды ұлтына, әлеуметтік жағдайына немесе тұрғылықты жеріне қарай бөлмей, ортақ адамгершілік құндылықтар арқылы жақындастыратын рухани күш.

— Ұлттық тұтастық мәселесі Халық Кеңесінің алғашқы сессиясындағы негізгі желілердің біріне айналды. Автор осы мәселені саясат шеңберінде ғана қалдырмай, әдебиет пен мәдениеттің қоғамды жақындастыратын рухани қызметімен байланыстырады. —

Президенттің «Тағы бір маңызды міндет – ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және тарихи жадымызды жаңғырту» деген пікірі де осы тұрғыдан ерекше маңызды. Ұлттық сана ең алдымен өз тарихыңды, тіліңді, мәдениетіңді, әдебиетіңді білу арқылы қалыптасады. Тарихи жады әлсіреген жерде ұлттық сабақтастық та әлсірейді. Сондықтан өткенді танып-білу – тек тарихшылардың немесе ғалымдардың міндеті емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Бұл жерде қаламгерлер мен мәдениет қайраткерлерінің міндеті зор. Әдеби шығармалар арқылы халықтың тағдыры, тарихи кезеңдері, ел басынан өткерген сындар мен рухани ізденістері кейінгі ұрпаққа жетеді. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапханалардың рөлін арттыру, әдеби мұраны насихаттау – ұлттық сананы нығайтудың нақты жолдарының бірі. Сонымен бірге талғамы жоғары оқырман қалыптастыру да бүгінгі өзекті мәселе.

Осы орайда Президенттің жазушыларды қазіргі қала тақырыбына көбірек қалам тартуға шақыруын да маңызды бастама деп санаймын. Бүгінде қазақ қоғамы өзгеріп, қалаларда қазақ тілінде білім алып, жаңа ортада өсіп келе жатқан үлкен буын қалыптасты. Сондықтан «асфальт қазағы», «шала қазақ» деген секілді қоғамды жіктейтін түсініктерден арылып, қала мен ауылды бір-біріне қарсы қоймай, оларды біртұтас ұлттық кеңістіктің құрамдас бөлігі ретінде қарауымыз керек.

— Дәл осы тұс Президент сөзінен кейін қоғамда кеңірек талқыланған тақырыптардың біріне айналды: қазақты туған жеріне, өмір сүретін ортасына немесе сөйлеу мәнеріне қарай бөліп қарау қаншалықты орынды? Мақала авторы бұл сұраққа ұлттық кеңістіктің тұтастығы тұрғысынан жауап береді. —

Қазақ әдебиеті ауыл тақырыбын талай жылдар бойы кеңінен игерді. Енді бүгінгі қаланың тынысын, қалада өсіп келе жатқан қазақ жастарының болмысын, олардың арманын, ізденісін, жаңа өмір салтын көркем шығармаға арқау ететін кезең келді. Президенттің өзі бұл бағытта нақты тапсырма беріп отырғанын атап өтті: «Осыған байланысты таяуда Мәдениет және ақпарат министрлігіне тапсырма бердім. Жазушылар арасында қала тақырыбына арналған әдеби сайыстар өткізуіміз керек. Бұл халқымызға, әсіресе, жастарымызға керек дүние болмақ».

Бұл – әдебиетіміздің тақырыптық аясын кеңейтіп, жаңа кейіпкерлер мен жаңа шығармалардың дүниеге келуіне мүмкіндік беретін бастама.

— Яғни, әңгіме тек әдеби байқау туралы емес. Мұнда қазіргі қазақтың жаңа әлеуметтік бейнесін әдебиетке әкелу, қаланы да ұлттық өмірдің табиғи кеңістігі ретінде көркем ойдың нысанына айналдыру мәселесі тұр. —

Ұлттық бірліктің тағы бір маңызды тірегі – мемлекеттік тіл. Қазақ тілін дамыту – ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің және тарихи жадтың табиғи арқауы. Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі қолданысын кеңейту арқылы біз ұлттық мәдениеттің де тынысын кеңейтеміз.

Сонымен бірге Қазақстандағы барлық этностардың мәдениеті мен тілін құрметтеу – қоғамдық келісімнің маңызды қағидаты.

Мемлекет басшысының «Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағының кепілі» деген сөзі де бүгінгі қоғам үшін аса маңызды. Жастардың бойына білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қасиеттерді сіңіру – баршамызға ортақ міндет. Бұл тұрғыда мектеп пен отбасы, сонымен қатар кітапхана, театр, музей, мәдениет ошақтары мен шығармашылық ұйымдардың да ықпалы зор. Менің жеке өз пікірім – бізге біртұтас ұлттық тәрбие (қазақы дәстүрлі тәрбие) бағдарламасын жасауымыз керек және бұл жаңа бағдарлама қазақ, орыс, басқа да этнос мектептеріне ортақ болуы керек.

— Осы жерде автор Президент сөзін талдаудан өзінің нақты ұсынысына көшеді. Біртұтас ұлттық тәрбие бағдарламасы – Мереке Құлкеновтың мақаласында көтерілген жеке бастамалардың бірі. —

Қазіргі заманда жастардың ақпарат кеңістігіндегі таңдауы өте кең. Сондықтан оларды сапалы әдебиетке, ғылымға, өнерге, спортқа және шығармашылыққа бағыттау маңызды. Кітап оқитын, тарихын білетін, мәдениетін, салт-дәстүрінбағалайтын, өз ойын еркін жеткізе алатын жас – елдің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын негізгі күш.

Сондай-ақ Президент сөзінде өңірлердің мәселесіне де мән берілуі орынды. Қазақстанның әр аймағының өзіндік тарихы, мәдениеті, әдеби ортасы және қоғамдық ерекшелігі бар. Сондықтан елдің қоғамдық дамуы туралы сөз болғанда өңірлердің де үні естілуі қажет. Ауылдағы кітапхана, мәдениет үйі, жергілікті музей мен шығармашылық орта – ұлттық мәдениеттің тікелей тірегі.

— Халық Кеңесі туралы әңгіменің маңызды бір қыры да осында: республикалық деңгейдегі үлкен мәселелер өңірлердегі нақты өмірден ажырамауға тиіс. Аймақтың үні естілген жерде қоғамдық диалогтың мазмұны да тереңдейді. —

«Таза Қазақстан» идеясына да осы тұрғыдан қараған жөн. Тазалықты тек көшені, ауланы немесе қоғамдық орынды таза ұстаумен шектеуге болмайды. Ол – адамның өз ортасына деген жауапкершілігі, қоғамдық мәдениеті, туған жеріне деген құрметі. Қоғамдық мәдениет қалыптасқан жерде тәртіп пен жауапкершілік те орнығады.

Меніңше, Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында көтерілген мәселелердің барлығы бір-бірімен сабақтасып жатыр. Қоғамдық диалог, ұлттық бірлік, тарихи сана, тіл, мәдениет, жастар тәрбиесі, өңірлердің дамуы – бұлардың әрқайсысы жеке мәселе болғанымен, түпкі мәнінде елдің тұтастығы мен болашағына келіп тіреледі.

Ең бастысы – айтылған бастамалардың нақты іске айналуы. Қоғамның ұсынысын тыңдау ғана емес, оны зерделеп, тиімді шешімдерге айналдыру маңызды. Бұл ретте қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым, шығармашылық өкілдері мен азаматтық қоғам институттарының белсенділігі қажет.

— Осы тұста мақаланың негізгі сауалы айқындалады: Халық Кеңесінің салмағын оның атауы немесе мәртебесі емес, қоғамдық ұсынысты нақты іске айналдыра алу қабілеті айқындайды. —

Мемлекет басшысының «Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір» деген сөзі осы ойдың түйіні деп қабылдаймын. Ортақ Отанға деген жауапкершілік, өзара құрмет пен рухани бірлік – қоғамның тұрақты дамуының маңызды негіздері. Қазақстан Халық Кеңесі осы құндылықтарды қоғамдық диалог арқылы нығайтуға бағытталған тиімді алаңға айналса, оның ел өміріндегі маңызы да арта түсері сөзсіз.

Мемлекет басшысы айтқандай, біз Әділетті, Озық, Таза, Күшті Қазақстанды құру жолында қашанда бірге болуымыз керек.

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

Айдын Рысбекұлы: «Геральдикада бейненің әр сызығының мәні бар. Ендеше әр сөздің де өз орны болуы керек»
970 рет оқылды

Айдын Рысбекұлы: «Геральдикада бейненің әр сызығының мәні бар. Ендеше әр сөздің де өз орны болуы керек»

Мемлекеттік рәміздер – елдің тарихи жадын, мәдени болмысын және тәуелсіздігін танытатын айрықша белгілер. Алайда осы салада қолданылатын ұғымдардың…

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.