Мазмұнға өту
Пікір

«Пікір емес, шешім керек»: Мұрат Әбенов Халық Кеңесінің рөлін түсіндірді

588 рет оқылды2 минут оқу

Мұрат Әбенов Халық Кеңесінен не күтетінін айтты.

Қазақстан Халық Кеңесі қоғамда қордаланған мәселелерді ашық талқылап, оларды шешудің нақты жолдарын мемлекеттік органдарға ұсынатын алаңға айналуы тиіс. Кеңес мүшесі Мұрат Әбенов жаңа институттың басты мүмкіндіктерінің бірі – халық пен Үкімет арасындағы байланысты күшейту деп есептейді.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Астанада өткен Кеңестің алғашқы сессиясынан кейін жаңа конституциялық институттың алдағы жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды HALYQ-KENESI.KZ ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Халық Кеңесінен күтер үміт көп. Жаңа институттың маңызды міндеттерінің бірі – қоғамдағы түрлі пікір мен ұсынысты жинақтап, елде туындап отырған мәселелерді ашық көтеру және оларды шешудің тиімді жолдарын іздеу.

«Біз қоғам пікірін жинақтап, елде болып жатқан мәселелердің барлығын көтеріп, оны шешу жолдарын анықтаймыз. Бұл – бір қыры ғана. Ал оны заңға келтіру – мүлдем бөлек жұмыс», – деді Мұрат Әбенов.

Оның пікірінше, Халық Кеңесі қоғамда көтерілген мәселелерді ашық талқылап, оларды шешу жөніндегі ұсыныстарды Құрылтай мен Үкіметке жеткізе алатын алаң болуы керек.

Әбенов жаңа институттың басқа мемлекеттік және саяси құрылымдардан бір ерекшелігі – ішкі бюрократиялық рәсімдердің аздығы мен қатаң партиялық тәртіптің болмауы екенін атап өтті.

«Әр адам өз саласының маманы. Сол себептен ашық талқылауға мүмкіндік болатын жақсы институт деп есептеймін. Қазақта да бұрын ондай болған ғой. Құрылтай – бір деңгей. Ал ақсақалдар, елдегі білетін адамдар жиналып, мәселені шешкен. Бұл – ашық талқылайтын жер деп санаймын», – деді Халық Кеңесінің мүшесі.

Мұрат Әбенов Кеңестің тек пікірталас алаңы болып қалмауы керектігіне де назар аударды. Оның сөзінше, жаңа органның заң шығару бастамаларына қатысу мүмкіндігі бар.

Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктері конституциялық заңмен айқындалған. Кеңес қоғамдық және мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеп, заңнамалық бастамаларға қатыса алады.

«Екіншіден, бұл жерде де заң шығаруға мүмкіндіктер бар. Үкімет пен халықтың арасындағы алтын көпір болуға мүмкіндік бар», – деді Мұрат Әбенов.

Ол қоғамдық жұмыстың өзі үшін бұрыннан таныс бағыт екенін де жеткізді.

«Өзіме қоғамдық жұмыс өте қызық. Парламентке дейін 10 жыл қоғамдық жұмыспен айналыстым. Бұл сол жұмыстардың жалғасы болады деген сенімдемін», – деді ол.

Мұрат Әбеновтің пікірінше, Халық Кеңесінің тиімділігі қоғамдағы мәселені жай көтерумен емес, сол мәселені жүйелеп, нақты ұсынысқа айналдырып, мемлекеттік шешім қабылдайтын органдарға жеткізе алуымен өлшенбек.

Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы Астанада 23–24 қыркүйекте өтті.

Дереккөз: BAQ.KZ

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

Айдын Рысбекұлы: «Геральдикада бейненің әр сызығының мәні бар. Ендеше әр сөздің де өз орны болуы керек»
967 рет оқылды

Айдын Рысбекұлы: «Геральдикада бейненің әр сызығының мәні бар. Ендеше әр сөздің де өз орны болуы керек»

Мемлекеттік рәміздер – елдің тарихи жадын, мәдени болмысын және тәуелсіздігін танытатын айрықша белгілер. Алайда осы салада қолданылатын ұғымдардың…

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.