Мазмұнға өту
Пікір

Айдын Рысбекұлы: «Геральдикада бейненің әр сызығының мәні бар. Ендеше әр сөздің де өз орны болуы керек»

967 рет оқылды8 минут оқу

Мемлекеттік рәміздер – елдің тарихи жадын, мәдени болмысын және тәуелсіздігін танытатын айрықша белгілер. Алайда осы салада қолданылатын ұғымдардың ара-жігі қаншалықты айқын? «Нышан» мен «рәміздің», «елтаңба» мен «төлтаңбаның» айырмашылығы неде? Өңірлік таңбаларды әзірлеуде қандай ғылыми және құқықтық қағидалар басшылыққа алынуы тиіс?

Бұл мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы Ұлттық құрылтайда өңірлер мен қалалардың таңбаларын бірыңғай үлгіге келтіру жөнінде айтқан тапсырмасымен де тікелей сабақтасады. Өйткені рәміздік жүйедегі бірізділік тек бейненің сыртқы көрінісінен емес, оны айқындайтын ұғымдар мен атаулардан басталады.

Семей қаласы гербінің авторы Ерлан Әмірбек пен геральдист Айдын Рысбекұлының сұхбаты осы түйткілдерді кеңінен қозғайды. Әңгіме барысында мемлекеттік және өңірлік рәміздердің терминологиялық табиғаты, геральдиканың ғылыми негіздері, ресми атаулардың құқықтық мәртебесі мен қазақ тіліндегі баламалары талқыланады.

Айдын Рысбекұлының пайымынша, «нышан», «рәміз», «герб», «елтаңба» және «төлтаңба» ұғымдарының әрқайсысының өзіндік мәні бар. Оларды бір-бірінің орнына қолдану ғылыми жүйелілікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан ол өңірлік таңбаларға қатысты терминологияны қайта қарап, бірыңғай ғылыми-құқықтық негіз қалыптастыру қажеттігін алға тартады.

Бұл сұхбаттың негізгі өзегі – ұлттық рәміздердің мазмұнын терең түсіну, қазақ тіліндегі геральдикалық терминдерді жүйелеу және әрбір ресми таңбаның атауы мен мәні арасындағы сәйкестікті сақтау. Өйткені таңба – тарихтың көрінісі болса, оны танытатын сөз – сол тарихтың тілдегі бедері.

– Айдын Рысбекұлы, бүгінде «нышан», «рәміз», «символика», «герб», «елтаңба», «төлтаңба», «эмблема», «геральдика» сияқты ұғымдар қатар қолданылып жүр. Бірақ олардың ғылыми және терминологиялық шекарасы жиі бұзылады. Бұл жағдайға қалай қарайсыз?

– Бұл – жай ғана сөз қолданысының мәселесі емес. Бұл – ғылыми және құқықтық терминологияның мәселесі. Әр ұғымның өз табиғаты, өз қызметі, өз орны бар. Нышан – құбылысты аңғартатын белгі. Рәміз – мағына жүктелген белгі. Символика – рәміздер жиынтығы мен жүйесі. Герб – геральдикалық композиция. Геральдика – гербтерді зерттейтін ғылым. Осы ұғымдарды бір-бірінің орнына қолдану ғылыми жүйені бұзады.

– Ең алдымен «нышан» мен «рәміздің» ара-жігін анықтап алайық. Екеуінің негізгі айырмашылығы неде?

– Негізгі қағида өте анық. Нышан – құбылысты білдіретін табиғи белгі. Рәміз – мағына жүктелген ресми белгі. Нышанда алдымен құбылыс немесе жағдай бар. Содан кейін сол құбылысты аңғартатын белгі танылады. Мысалы, қара түтін – өрттің нышаны. Өрт бар, қара түтін соны аңғартады. Бұлттың қоюлануы – жаңбырдың нышаны. Өзен суының күрт көтерілуі – тасқын қаупінің нышаны. Мұнда белгі белгілі бір құбылысты аңғартып, хабарлап, білдіріп тұр. Сондықтан нышанның негізгі қызметі – аңғарту, хабарлау, білдіру.

– Ал рәміздің табиғаты қандай?

– Рәмізде керісінше, белгіге белгілі бір мағына жүктеледі. Мысалы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – мемлекеттің рәмізі. Тудың өзі Қазақстан Республикасын білдіретін арнайы мемлекеттік мағынаға ие. Тудағы қыран еркіндік пен биіктікке қатысты рәміздік мағынада, күн өмір мен молшылықты білдіретін рәміздік бейне ретінде түсіндіріледі. Демек, нышан – құбылысты аңғартады, ал рәміз – белгіге мағына жүктейді. Осы екі ұғымды теңестіру – олардың мәнін бұрмалау.

– 2008 жылғы өзгеріс осы мәселеге қандай құқықтық негіз береді?

– 2008 жылғы 4 шілдедегі №56-IV Конституциялық заңмен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Конституциялық заңның тақырыбында және бүкіл мәтінінде «нышандары», «нышандарының», «нышандарын», «нышандарына» сөздері тиісінше «рәміздері», «рәміздерінің», «рәміздерін», «рәміздеріне» деп ауыстырылды. Яғни мемлекеттік деңгейдегі ресми құқықтық терминологияда «рәміз» ұғымы заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Бүгінде Конституциялық заңның атауының өзі – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы». Бұл жерде мәселе түсінікті: «рәміз» – Қазақстанның конституциялық заңнамасында орныққан ресми құқықтық термин. Сондықтан мемлекеттік сипаттағы ресми таңбалар туралы сөз болғанда, қолданылатын терминнің құқықтық мәртебесін ескеру қажет. Тағы бір маңызды жайт: №56-IV – Конституциялық заң, оны қабылдаған орган – Қазақстан Республикасының Парламенті.

– Олай болса, бүгінгі құжаттарда қолданылып жүрген «өңірлік нышан» атауына қандай сұрақ туындайды?

– Ең басты сұрақ – бұл атау нені білдіреді? Егер біз белгілі бір облысты, қаланы немесе ауданды арнайы әзірлеп, ресми түрде бекітетін, сол аумақты даралайтын белгі туралы айтып отырсақ, онда «нышан» атауын қайта қарау қажет. Өйткені біз қара түтін сияқты бар құбылыстың белгісін аңғартып отырған жоқпыз. Біз белгілі бір аумаққа арнайы мағына жүктелген ресми белгі жасап отырмыз. Бұл – рәміздік сипат. Сондықтан «өңірлік рәміз» атауы ұғымның мәнін дәлірек ашады.

– Яғни «өңірлік нышан» атауы терминологиялық тұрғыдан қате деп отырсыз ба?

– Мен оны ғылыми-терминологиялық тұрғыдан қайта қарауды қажет ететін атау деп санаймын. Өйткені «нышан» ұғымы белгілі бір құбылыстың белгісін аңғартады. Ал өңірдің арнайы әзірленіп, ресми бекітілетін таңбасы белгілі бір аумақты танытады және оған қоғамдық, тарихи, мәдени мағына жүктейді. Сондықтан табиғи нышан – бір ұғым, ресми рәміз – екінші ұғым. Екеуін бір атауға біріктіру ұғымдық шекараны бұзады.

– Мысал келтірсек?

– Мысалы, найзағайдың жарқылы – күн күркіреуінің нышаны. Құстардың жылы жаққа қайтуы – күздің нышаны. Қардың еруі – көктемнің келгенінің нышаны. Ағаш жапырақтарының бүр жаруы – табиғаттың оянуының нышаны. Мұнда белгі белгілі бір құбылыстың барын немесе жақындағанын аңғартады. Ал белгілі бір облыс немесе қаланың арнайы әзірленіп, ресми бекітілген таңбасы – өңірлік рәміз. Егер ол геральдикалық қағидалар бойынша жасалса, онда ол «өңірлік герб», қазақша атаумен «өңірлік төлтаңба» ретінде қарастырылады.

– Осы жерде «герб», «елтаңба», «төлтаңба» ұғымдарына келейік. Қазақ тілінде «гербтің» баламасы қандай?

– «Герб» сөзінің қазақ тіліндегі орныққан баламасы – елтаңба. Қазақстан Республикасының ресми құжаттарында «Мемлекеттік Елтаңба» атауы бекітілген. Оның орыс тіліндегі атауы — «Государственный Герб».

Қазақ тілінде бір ұғымның бір ғана синонимі болуы шарт емес. Тілдің табиғатында бір ұғымның бірнеше синонимдік атауы болады. Сондықтан «герб» пен «елтаңба» ұғымдық тұрғыдан бір қатарда қарастырылады. Ал өңірлік гербке қатысты «төлтаңба» атауын қолдану да осы терминологиялық қатарды толықтыра алады.

– «Төлтаңба» сөзінің ерекшелігі неде?

– «Төл» сөзі белгілі бір субъектінің өзіне тән, өзіне тиесілі екенін айқындайды. Сондықтан мемлекеттік герб – Мемлекеттік Елтаңба, өңірлік герб – Өңірлік Төлтаңба. Орыс тілінде: государственный герб; региональный герб.

Бұл жерде «елтаңба» мен «төлтаңбаны» бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. Екеуі де герб ұғымының қазақ тіліндегі синонимдік қатарында қарастырыла алады, ал «төлтаңба» өңірлік тиесілілікті нақтылап береді.

– Сонда сіз ұсынатын негізгі терминологиялық қатар қандай?

– Өте ықшам:

  1. Мемлекеттік рәміз – Мемлекеттік Елтаңба

  2. Өңірлік рәміз – Өңірлік Төлтаңба

Осы жерде ұғымдар бір-бірімен шатаспайды.

– Ал «символика» мен «геральдиканың» айырмашылығы қандай?

– Бұл жерде де терминологиялық тәртіп керек. Символика – рәміздердің жиынтығы әрі өзара байланысқан жүйесі. Геральдика – гербтердің шығу тарихын, құрылымын, композициясын, түстерін, фигураларын, қалқандағы орналасуын, тиесілігін, мәртебесін, мұрагерлігін және қолданылуын зерттейтін ғылым. Сондықтан символиканы геральдикамен теңестіруге болмайды. Геральдиканың тікелей зерттеу нысаны – герб.

– Кез келген рәміздік бейнені герб деп қабылдау дұрыс па?

– Жоқ, бұл жерде нақты шекара бар. Қыран, арқар, тау, өзен, күн, жұлдыз сияқты бейнелердің өздігінен болуы оларды гербке айналдырмайды. Мысалы, арқар – табиғи нысан. Белгілі бір мәдени контексте ол белгілі бір идеяны білдіретін рәміздік бейне бола алады. Ал герб құрамында арқар геральдикалық қағидалар бойынша арнайы композициялық элемент ретінде орналасқанда ғана геральдикалық фигура ретінде қарастырылады. Яғни бейненің өзі емес, оның жүйедегі орны мен қызметі шешуші мәнге ие.

– Бұл айырмашылықты бір сөйлеммен қалай түйіндеуге болады?

– Өте қысқа: Нышан – аңғартады. Рәміз – мағына жүктейді. Герб – даралайды. Геральдика – гербті зерттейді. Символика – рәміздер жиынтығын білдіреді.

– Енді бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылғы Құрылтайдағы сөзімен байланыстырайық. Ол кезде өңірлер мен қалалардың таңбалары туралы нақты тапсырма айтылды. Бұл терминологияға қандай міндет артады?

– Мемлекет басшысы 2023 жылғы Құрылтай отырысында аймақтар мен қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру, осы салада ортақ ұстаным әзірлеу, өңірлік нышандарды әзірлеу мен бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей реттеу қажеттігін айтты. Бірыңғай үлгі алдымен бірыңғай ұғымнан басталады. Егер бір деңгейде «рәміз», екінші деңгейде «нышан», үшінші жерде «герб», төртінші жерде «таңба» деп жүйесіз қолдана берсек, бірыңғай терминологиялық әрі геральдикалық жүйе қалыптастыру қиындайды. Президент айтқан бірізділік тек бейненің сыртқы үлгісіне қатысты болмауы керек. Ол терминологиядан басталуға тиіс.

– Демек, мәселе бір ғана сөзді өзгертуге келіп тірелмейді?

– Әрине. Мәселе – тұтас ұғымдық жүйеде. Термин – ұғымның атауы. Ұғым – құқықтық норманың негізі. Термин дәл болмаса, оның мазмұны да бұлыңғырланады. 2008 жылы мемлекеттік деңгейдегі «нышан» атауының «рәміз» болып өзгертілуі кездейсоқ жасалған редакциялық әрекет емес. Ол Қазақстанның ресми-құқықтық тілінде «рәміз» ұғымын орнықтырды. Сондықтан бүгін өңірлердің ресми таңбаларына қатысты терминологияны қайта қарау – заңдылықтан алшақтау емес, керісінше, сол қалыптасқан құқықтық терминологияны жүйелі жалғастыру мәселесі.

– Онда «өңірлік нышан» атауының орнына «өңірлік рәміз» ұғымын енгізу арқылы қандай жүйе қалыптасады?

– Жүйе айқындалады. Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің ресми рәміздік жүйесі. Өңірлік рәміздер – өңірлердің ресми рәміздері. Ал олардың геральдикалық түрі герб ретінде айқындалып, қазақша төлтаңба атауымен беріледі. Сонда, Мемлекеттік рәміз – Мемлекеттік Елтаңба, Өңірлік рәміз – Өңірлік Төлтаңба. Бұл жерде әр ұғым өз деңгейінде тұрады

– Соңғы сұрақ. Бүгінгі геральдика саласына жауапты мамандарға қандай талап қояр едіңіз?

– Бірінші талап – ұғымдарды шатастырмау.

Екінші талап – қазақ тіліндегі геральдикалық терминологияны ғылыми тұрғыдан жүйелеу.

Үшінші талап – ресми құжаттағы әрбір терминнің мазмұнын нақтылау.

Төртінші талап – мемлекеттік рәміздерге қатысты қалыптасқан конституциялық-құқықтық терминологиямен сабақтастық орнату.

Бесінші талап – өңірлік рәміздер мен геральдиканың бірыңғай ғылыми-құқықтық негізін қалыптастыру.

Өңірлік төлтаңбалар мәселесін тек сурет салу немесе ведомстволық эмблема таңдау деңгейіне түсіруге болмайды. Бұл – тарих, мәдениет, құқық, тіл және геральдика тоғысатын сала. Сондықтан мұнда терминнің әрқайсысы таразыдан өтуі керек. Нышан – құбылысты аңғартады. Рәміз – мағына жүктейді. Елтаңба мен төлтаңба – герб ұғымының қазақ тіліндегі атаулары. Геральдика – гербтердің ғылымы. Осы айырмашылықтардың өзін сақтай алмасақ, Президент айтқан бірыңғай үлгі мен ортақ ұстанымды қалыптастыру мүмкін емес. Геральдикада бейненің әр сызығының мәні бар. Ендеше сол бейнені атайтын әр сөздің де өз орны болуы керек.

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.