Қазақстан тарихы қайта жазыла ма? Еркін Әбіл жеті томдық туралы айтт

Қазақстан тарихының жеті томдық жаңа академиялық басылымына дәлелденбеген және ғылыми негізі жоқ даулы тұжырымдар енгізілмейді. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, тарихшы Еркін Әбіл айтты, деп хабарлайды halyq-kenesi.kz тілшісі.
Тарихшының сөзінше, жеті томдықты әзірлеп жатқан авторлық ұжым негізгі жұмысты аяқтауға жақын. Басылымды жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
– 7 томдықты авторлық ұжым аяқтап жатыр деп айтуға болады. Жыл соңына дейін аяқтаймыз деп ойлаймын. Соны жазғандағы негізгі принцип – халықаралық жалпы ғылыми стандарттарға сай келу. Дәлелденбеген, негізі жоқ, даулы концепциялар 7 томдыққа енген жоқ. Жаңадан жазылған, 100 пайыз өзгертілген тарих деп айтуға болмайды. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан базаға негізделген 7 томдық. Кейбір тақырыптар бойынша белгілі шетелдік мамандар да қатысты, – деді Еркін Әбіл.
Оның айтуынша, Қазақстан тарихына қатысты қоғамдық және ғылыми көзқараста кеңестік кезеңде қалыптасқан ұстанымдардың ықпалы әлі де байқалады. Сондықтан бірқатар тарихи мәселеге қазіргі ғылыми зерттеулер негізінде жаңаша қарау қажет.
– Шынын айту керек, біздің тарихи санамыз кеңес заманында қалыптасқан. Көбіне соның негізінде болып жатыр. Бұл көзқарасты өзгерту қажет. Осы уақытқа дейін басқа елдерде қалыптасқан көзқараспен қарап жүрміз. Мектеп оқулықтарында Алтын Орда мен Қазақ хандығының байланысы жазылмай келеді, жоқтың қасы. Оның қатарында толған мифтер де көп, – деді тарихшы.
Еркін Әбіл жеті томдық академиялық басылымның алдағы уақытта мектеп және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың мазмұнына да ықпал ететінін айтты. Оның сөзінше, тарихи тұлғаларды мектеп оқулықтарына енгізу мәселесі академиялық еңбек жарық көргеннен кейін арнайы қарастырылмақ.
– Тарихи тұлғалар жөнінде көп жаздық. Бірақ олардың бәрін мектеп оқулығына кіргізе алмаймыз. Ол үшін өте маңызды критерийлерге сай болуы керек. «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты 7 томдық шыққан соң қарастырылмақ, – деді ол.
Еске сала кетейік, «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылым Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп жатыр.
Іргелі еңбек ежелгі дәуірден бастап Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі ел тарихын қамтиды. Жобаға 300-ден астам ғалым және 12 елден 50-ге жуық шетелдік сарапшы тартылған.
Жеті томдық академиялық басылым алдағы уақытта Қазақстан тарихы бойынша мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарды әзірлеудің негізгі ғылыми базаларының біріне айналмақ.


