Ерлан Қошанов Халық Кеңесі Төралқасының алғашқы отырысын өткізді

Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қазақстан Халық Кеңесі Төралқасының бірінші отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің алғашқы Сессиясында белгілеген стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру жолдары талқыланып, тұрақты комитеттердің құрамы мен басшылары бекітілді, деп хабарлайды halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігі.
- Отырысты ашқан Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов жаңа конституциялық институттың алдында мемлекеттік ауқымдағы міндеттер тұрғанын атап өтті. Олардың қатарында қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейту және қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру бар.
«Президентіміз Халық Кеңесінің алдына маңызды міндеттер қойды. Олар – бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін кеңейту, қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын жаңа белеске көтеру. Халық Кеңесінің мәні де, тарихи миссиясы да осында. Ел Президенті артқан осы зор сенімге біз нақты іспен, нәтижелі жұмыспен жауап беруге тиіспіз», – деді Ерлан Қошанов.
Үш тұрақты комитеттің басшылары бекітілді
Төралқа отырысында Қазақстан Халық Кеңесінің үш негізгі тұрақты комитетінің құрамы бекітіліп, олардың жетекшілері белгіленді.
Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетін – Вера Ким;
Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік бағытын – Марат Әзілханов;
Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетін – Табиғат Зейнұлқабден басқарады.
Комитеттердің жұмысына ғылыми-сарапшылық қоғамдастық өкілдерін тарта отырып, Кеңестің стратегиялық міндеттерін жүйелі іске асыру мәселелері де қаралды.
Бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасы талқыланды
Жиында негізгі назар Бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасына аударылды. Кеңес мүшелері этномәдени бірлестіктерді шоғырландыру, қоғамдық келісімді нығайту және жаңа тұжырымдаманы әзірлеу жұмысына белсенді атсалысу қажеттігін атап өтті.
Сонымен бірге өңірлермен өзара іс-қимылды кеңейту, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің жұмысын қолдау тетіктері талқыланды.
Азаматтардың ұсыныстары бірыңғай платформада жинақталуы мүмкін
Отырыста өңірлерден түсетін азаматтық бастамалар мен ұсыныстарды жүйелі түрде жинау мәселесіне ерекше мән берілді.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Мусин ұсыныстар ағынының артуын ескере отырып, оларды жинау, өңдеу және орындалуын бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық платформа әзірлеуді ұсынды.
Жоспарланған жүйе арқылы әрбір ұсыныстың қай кезеңде қаралып жатқаны және ол бойынша қандай шешім қабылданғаны бақыланбақ.
Сондай-ақ азаматтардың мемлекетті басқаруға тікелей қатысуына мүмкіндік беретін жаңа құралдарды қалыптастыру мәселесі көтерілді. Сарапшылар елдегі қоғамдық және консультативтік-кеңесші органдардың қызметін өзара үйлестіру қажеттігіне назар аударды.
Әдеп жөніндегі комиссия құрылды
Төралқа отырысында Қазақстан Халық Кеңесінің Әдеп жөніндегі комиссиясының құрамы және оның Ережесі бекітілді.
Комиссия тұрақты жұмыс істейтін орган ретінде Халық Кеңесі мүшелерінің әдеп нормаларын сақтауын және өз міндеттерін орындауын бақылауға бағытталған. Оның құрамы Кеңес мүшелерінің арасынан жасақталады.
Төралқа құрамына кімдер кірді?
Қазақстан Халық Кеңесінің басшылығы мен тұрақты комитеттердің төрағаларынан бөлек, Төралқа құрамына:
Бекмұрат Жүсіпов,
Наринэ Микаелян,
Денис Рыпаков,
Нұртай Сабильянов кірді.
Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы Сессиясынан кейін оның негізгі жұмыс органдарының қызметі нақты құрылымдала бастады. Төралқа мен тұрақты комитеттер алдағы кезеңде қоғамдық бастамаларды саралау, өңірлермен байланысты күшейту, қоғамдық келісім мәселелерін талқылау және азаматтардың ұсыныстарын мемлекеттік шешімдер әзірлеу үдерісіне жеткізу бағытында жұмыс істейді.


