«Қазақстанның Prime Era-сы»: елдің ең жақсы дәуірін жастар жалғастыра ала ма?
Фотосурет: adyrna.kzҚазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Олжас Сүлеймен ел дамуының жаңа кезеңі мен жастардың тарихи жауапкершілігі туралы пікір білдірді деп хабарлайды Halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігі. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Qazaqstan Team» республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлеймен «Ашық алаң» бағдарламасында Қазақстанның бүгінгі даму кезеңін «Prime Era» ұғымымен байланыстырды.
Оның айтуынша, қазіргі жастар – ел тәуелсіздігінің игілігін тікелей көріп отырған тарихи буын.
«Жастардың өкілі ретінде біз бақытты жандармыз деп ойлаймын. Ата-бабамыз Егемендігімізді көруді аңсады. Ыбырай атамыз Әнұранымызды естіген жоқ, Әлихан Бөкейханов елтаңбамызды, туымызды көрмеді. Жастар бұны ерекше қадірлеуі тиіс және түсінеді деген сенімдемін».
Кеңес мүшесі Қазақстанның халықаралық деңгейде танылуына жастардың білімі, қабілеті мен жаңашыл ойлауы ықпал етіп отырғанын атап өтті.
«Шетелден келген қонақтарымыз: Қазақстанда прайм эра болып жатыр деп айтады. Оған жастарымыздың тікелей үлесі бар. Жастарымыздың білімі мен ойының ұшқырлығының арқасында таныла бастадық».
Олжас Сүлейменнің пікірінше, алдыңғы буын қалыптастырған мемлекеттің келешегі енді жас ұрпақтың қолында.
«Аға буын керемет мемлекет құрып берді, оны әрі қарай қалай алып кетеміз, тікелей жастарға байланысты».
Бұл пікір Президенттің Халық Кеңесін жаңа саяси жүйенің бір бөлігі ретінде атаған тұжырымымен де мазмұндас. Өйткені қоғамдық институттардың нәтижелілігі жастардың шешім қабылдау үдерісіне қаншалықты қатысатынына да байланысты.
Бұған дейін Республика күнінің мәні мен халықтың мемлекет ісіне қатысуы туралы мәселе көтерілген болатын. Ал Халық Кеңесінің мүшесі Жандос Ақтаев азаматтық жауапкершілікті қоғам мен мемлекеттік органдардың ортақ міндеті ретінде қарастырған еді.
Олжас Сүлейменнің сөзі бір маңызды сауалға жетелейді: Қазақстанның «Prime Era» кезеңі уақытша жетістіктермен есте қала ма, әлде жастар қалыптастыратын ұзақ мерзімді даму дәуіріне айнала ма?
Мұның жауабы ұраннан емес, білімнен, нақты бастамалардан және қоғам алдындағы жауапкершіліктен көрінбек.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамындағы жастар өкілдерімен және өзге де мүшелермен арнайы бөлім арқылы танысуға болады.


