Мазмұнға өту
Жаңалықтар

Халық Кеңесінде Байрамуков тең мүмкіндік мәселесін көтерді

201 рет оқылды2 минут оқу

Талантты баланың қай жерде дүниеге келгені маңызды емес. Ең бастысы – оның қабілетін дер кезінде байқап, дамытуға жағдай жасау. Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында белгілі спортшы Ислам Байрамуков өңірлердегі балаларға тең мүмкіндік беру мәселесіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды HALYQ-KENESI.KZ ақпарат агенттігі.

Ислам Байрамуков Халық Кеңесін еліміздің барлық өңірінен келген азаматтарды біріктіретін маңызды алаң ретінде бағалады.

«Өңірлерді дамыту және балаларымызға тең мүмкіндіктер жасау мәселесі маған өте жақын. Соңғы жылдары әділдік, баршаға тең мүмкіндік туралы көп айтылып жүр. Бұл – Мемлекет басшысының басты ұстанымы», – деді ол.

Спортшының айтуынша, баланың спортқа қабілеті болса, оны дамытуға қажетті жағдай жасалуы тиіс. Мұндай мүмкіндік музыкаға, өнерге, ғылымға немесе технологияға қызығатын балалар үшін де бірдей болуы қажет.

«Ауылдағы балаға спортпен айналысуға, мәдениет ошақтарына баруға, заманауи білім беру ресурстарына қол жеткізуге, түрлі жарыстар мен байқауларға қатысуға және өз болашағын қалыптастыруға мүмкіндік беретіндей жан-жақты жағдай жасауымыз керек. Таланттың ең кішкентай ауылдың өзінде дүниеге келуі мүмкін екенін өз тәжірибемнен білемін. Сол талантты көре аламыз ба және оның ашылуына мүмкіндік бере аламыз ба – мәселе сонда», – деді Ислам Байрамуков.

Ол өзінің туған жері – Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданын мысалға келтірді. Байрамуковтың сөзінше, шағын ауданнан 11 Олимпиада жүлдегері шыққан.

Спортшы сондай-ақ өңірдің спорт тарихында Луговой жылқы зауытының орны ерекше екенін атап өтті. Ол осы жерден шыққан әйгілі «Абсент» сәйгүлігінің Олимпиада ойындарындағы жетістіктерін еске салды.

Ислам Байрамуков осы тұрғыда Қазақстан Халық Кеңесінің өңірлердегі нақты мәселелерді көтерудегі рөліне тоқталды.

«Біз өңірлердің дамуы туралы нақты мәселелерді көтеруіміз қажет. Бүгін тең мүмкіндіктер жасай отырып, біз ертеңгі Қазақстанның адами капиталын дамытамыз», – деді ол.

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.