Мазмұнға өту
Сараптама

«Мәжілістің әлсіз көшірмесі» де емес, «екінші Парламент» те емес: Қазақстан Халық кеңесі шын мәнінде қандай орган?

638 рет оқылды8 минут оқу
«Халық кеңесі» ақпарат агенттігі 2026 жылғы 28 қыркүйекте «Ритм Евразии» ақпараттық-талдау порталында жарық көрген Антон Морозовтың сараптамалық мақаласын оқырман назарына ұсынады.

Мақалада Қазақстандағы өкілді биліктің жаңа құрылымы, Халық кеңесінің конституциялық мәртебесі және оның Мәжілістен, Қазақстан халқы Ассамблеясынан, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдан айырмашылықтары қарастырылады.

Автор Қазақстан Халық кеңесін неліктен «екінші парламент» деп атауға болмайтынын, жаңа консультативтік органның қандай өкілеттіктері бар екенін және оның мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты қамтамасыз етудегі рөлін түсіндіреді.

Төменде мақаланың толық қазақша аудармасын ұсынамыз.

Қазақстандағы өкілді биліктің жаңа құрылымын түсініп, Құрылтайды, Ұлттық құрылтайды, Қазақстан халқы Ассамблеясын және Халық кеңесін бір-бірімен шатастырмау үшін олардың ерекшеліктеріне тоқталайық.

23 қыркүйекте Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. Бұл институттың құрылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы Жолдауында жарияланған саяси реформаның нәтижесі болды. Аталған реформа биыл наурыз айында жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде өткен референдум барысында құқықтық тұрғыдан бекітілді.

Қазақстандағы оқиғаларды тек жаңалықтардың тақырыптары арқылы бақылап отыратын адам үшін бұл оқиғаны «елде Президент жанынан тағы бір кеңес құрылды» деген үйреншікті тұжырыммен сипаттау оңай. Алайда мұндай түсінік дұрыс емес. Өйткені ол бір-бірінен ерекшеленетін бірнеше институтты шатастырады. Оның үстіне олардың кейбірі өз қызметін тоқтатқан.

Жаңа құрылымның мәні басқаша: Құрылтай – бір палаталы парламент, ал Халық кеңесі – азаматтық қоғамның мүдделерін білдіретін орган. Бұлар бір институттың екі түрлі атауы емес. Сондай-ақ «парламент және оның көлеңкесі» де емес. Бұлар – қызметі мен міндеттері бөлек екі институт: бірі заң шығарушы орган болса, екіншісі консультативтік-өкілді орган.

Енді әрқайсысына жеке тоқталайық.

Мәжіліс шешім қабылдайды, Халық кеңесі кеңес береді

Билікті сынаушылардың бірқатары «Халық кеңесінің Мәжілістен қандай айырмашылығы бар?» деген сұрақ қояды.

Айырмашылық айтарлықтай. Мәжіліс заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Парламенттің төменгі палатасы болды. Оның қызметі заң шығару процесінің барлық кезеңімен тікелей байланысты еді: заң жобасын әзірлеу, түзетулер енгізу, Сенатпен келісу, заңға қол қою немесе оған қарсылық білдіру, сондай-ақ заңның күшіне енуі.

Мәжілістің негізгі ерекшеліктері – конституциялық мәртебесі, тұрақты жұмыс істеуі, сайлау арқылы жасақталуы және заң жобалары бойынша шешім қабылдауы.

Оның өкілеттіктеріне заңдарды қабылдау немесе қабылдамау, Сенат ұсынған редакцияға қарсылық білдіру, Премьер-Министрді тағайындауға келісім беру, Үкімет мүшелерін тағайындау жөнінде ұсынымдар жасау, Конституциялық Соттың үш судьясын, Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін және Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін тағайындау кірді.

Басқаша айтқанда, Мәжіліс – заң шығару тетігі. Оның басты құзыреті – заңдарды қабылдау немесе қабылдамау құқығы.

Ал Халық кеңесі – Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган.

Осы анықтаманың өзінен-ақ басты айырмашылық байқалады: ол заң шығарушы орган емес. Халық кеңесі заң қабылдамайды және Мәжілісті алмастырмайды. Сондай-ақ ол заң шығару процесінің міндетті кезеңі ретінде қарастырылмайды.

Оның негізгі ерекшеліктері – конституциялық мәртебесі бар дербес орган болуы, сессиялық тәртіппен жұмыс істеуі және тағайындау арқылы жасақталуы.

Халық кеңесінің өкілеттіктеріне мыналар жатады:

  • Ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу;

  • Құрылтайға заң жобаларын енгізу;

  • Жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеру;

  • Мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

  • Қоғамдық пікірталас алаңдарын, консультациялар мен тыңдаулар ұйымдастыру;

  • Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін және басқа да гуманитарлық форумдарды өткізуді қамтамасыз ету;

  • Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысу;

  • Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру.

Бұл жерде көпшілікті шатастыратын бір маңызды жайт бар: Халық кеңесінің шешімдері заң жобалары түрінде рәсімделуі мүмкін.

Алайда бұл оның заң қабылдайтынын білдірмейді. Ол тек заң жобасын ұсынады, ал оны қабылдау парламенттің құзыретіне жатады.

Мәжіліс заңдарды қабылдайтын немесе қабылдамайтын. Ал Халық кеңесі ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеп, заң жобаларын Құрылтайдың қарауына енгізе алады.

Айырмашылық түбегейлі: бір институт шешім қабылдайды, екіншісі ұсыныс жасайды.

Сондықтан Халық кеңесін «Мәжілістің әлсіз көшірмесі» деп атау оның табиғатын түсінбеуді білдіреді.

Бұл – өкілеттіктері шектелген парламент емес. Оның міндеті мүлде басқа. Халық кеңесі заң шығару процесін басқару үшін емес, билік пен қоғам арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ету үшін құрылған консультативтік орган.

Неліктен бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңартылған нұсқасы емес?

Сыншылардың тағы бір пікірі бойынша, Халық кеңесі – Қазақстан халқы Ассамблеясының жай ғана жетілдірілген нұсқасы.

Алайда мұндай қарапайым тұжырым шынайы жағдайды толық көрсетпейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент құратын, заңды тұлға мәртебесі жоқ мекеме болды. Ол қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға ықпал етті.

Ассамблеяның өкілеттіктері негізінен этносаралық қатынастар саласына шоғырланды. Атап айтқанда, этносаралық қатынастарға қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және осы бағыттағы іс-шараларға қатысу оның негізгі міндеттерінің қатарында болды.

Ассамблея шешімдері ұсынымдық сипатта еді.

Әрине, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Халық кеңесінің арасында ұқсастықтар бар. Екі орган да сессиялық тәртіппен жұмыс істейді, тағайындау арқылы жасақталады және қоғамдық келісім мәселелерімен айналысады.

Алайда оларды бір институт деп қарастыруға мүмкіндік бермейтін елеулі айырмашылықтар да бар.

Біріншіден, құқықтық мәртебелері әртүрлі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент құратын, заңды тұлға мәртебесі жоқ мекеме болды. Ал Халық кеңесі – халықтың мүдделерін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган.

Демек, олардың конституциялық және саяси легитимділік деңгейлері әртүрлі.

Екіншіден, өкілеттіктерінің ауқымы бөлек.

Ассамблея негізінен этносаралық қатынастар мәселелерімен айналысты.

Ал Халық кеңесінің қызмет аясы әлдеқайда кең. Ол ішкі саясат, заң жобаларын әзірлеу, референдум өткізу бастамасы, қоғамдық алаңдар мен тыңдаулар ұйымдастыру, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу, сондай-ақ қоғамдық бақылау мәселелерін қамтиды.

Сондықтан Халық кеңесін Ассамблеяның жай ғана жаңартылған нұсқасы деуге болмайды. Оның өкілеттік аясы анағұрлым кең.

Үшіншіден, олардың мемлекеттік жүйедегі рөлі әртүрлі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың құралы болды.

Ал Халық кеңесі – халықтың мүдделерін білдіретін, мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғаммен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайтын консультативтік орган.

Еске сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы да, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай да өз қызметін тоқтатты.

Бұрынғы жүйенің қалдығы емес, дамудың келесі кезеңі

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай өз қызметін тоқтатқаннан кейін заңды сұрақ туындайды: Халық кеңесі оның атауы ғана өзгертілген нұсқасы емес пе?

Жоқ, олай емес.

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай диалог алаңы болды.

Оның өкілеттіктері негізінен ішкі ұйымдастырушылық жұмыстармен шектелді. Атап айтқанда, жұмыс жоспары, күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізу, отырыстарға арналған материалдарды дайындауға қатысу, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау мен түсіндіру жұмыстарына атсалысу.

Бұл заң шығару бастамасына, референдум өткізу бастамасына немесе қоғамдық бақылауға тікелей қатысу мүмкіндігі жоқ кеңесші алаң еді.

Халық кеңесі консультативтік орган ретіндегі табиғатын сақтай отырып, бұрынғы алаңда болмаған жаңа мүмкіндіктерге ие болды.

Олар – заң шығару бастамасын көтеру, референдум өткізу туралы ұсыныс енгізу және қоғамдық бақылау жүйесіне қатысу.

Бұрынғы алаң өз отырыстарының күн тәртібін қалыптастырумен айналысса, Халық кеңесі мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша жұмыс істейді.

Бұрынғы алаң мәселелерді талқылаумен шектелсе, Халық кеңесі заң жобаларын енгізе алады.

Бұрынғы алаң түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, Халық кеңесі қоғамдық пікірталас алаңдарын, тыңдаулар мен қоғамдық бақылауды ұйымдастырады.

Сондықтан Халық кеңесін Ұлттық құрылтайдың жай ғана орнына келген орган емес, оның дамуының келесі кезеңі деп сипаттауға болады.

Бұрынғы Ұлттық құрылтай Президент жанында жалпыұлттық диалог жүргізуге арналған тұрақты сессиялық алаңның жұмыс істей алатынын көрсетті.

Ал Халық кеңесі осы тәжірибені институционалдық тұрғыдан бекітіп, оның ауқымын кеңейтеді және Ұлттық құрылтайда болмаған жаңа тетіктермен толықтырады.

Неліктен бұл «екінші парламент» емес?

Бұл жерде Халық кеңесі мен Құрылтай арасындағы тағы бір маңызды айырмашылықты атап өткен жөн.

Құрылтай – бір палаталы парламент. Ол заң шығарушы билікті жүзеге асырады. Оның қызметінің нәтижесі – заңдар.

Ал Халық кеңесі – азаматтық қоғамның мүдделерін білдіретін орган.

Ол заң қабылдамайды. Оның міндеті – ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, референдум өткізу бастамасын көтеру, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыру және қоғамдық бақылауды жүзеге асыру.

Халық кеңесінің шешімдері заң емес. Олар ұсыныстар, ұсынымдар және бастамалар түрінде көрініс табады.

Демек, бұл екі парламент немесе «парламент пен оның көлеңкесі» емес.

Бұл – функциялардың нақты бөлінуі.

Бір орган заң шығарады, ал екіншісі азаматтық қоғамның өкілдігін қамтамасыз етіп, қоғам мен билік арасындағы диалогты ұйымдастырады.

Халық кеңесі Құрылтайға бағынбайды және оның қызметін қайталамайды. Ол дербес конституциялық орган ретінде қатар жұмыс істейді.

Қазақстанның жаңа саяси құрылымында қай органның орны қандай?

Мәжіліс – Қазақстанның бұрынғы екі палаталы Парламентінің төменгі палатасы. Ол заң шығарушы билікті жүзеге асырды. Тұрақты негізде жұмыс істеді, сайлау арқылы жасақталды, заңдарды қабылдады немесе қабылдамады. Жаңа құрылымда оның орнына бір палаталы парламент келді.

Құрылтай – Қазақстанның жаңа бір палаталы парламенті. Ол заң шығарушы орган болып саналады және заңдар қабылдайды. Оны Президент жанындағы бұрынғы Ұлттық құрылтаймен шатастырмау қажет. Бұлар – екі бөлек институт.

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай – бұрын жұмыс істеген консультативтік-кеңесші диалог алаңы. Ол сессиялық тәртіппен жұмыс істеді және тағайындау арқылы жасақталды. Өкілеттіктері өз отырыстарының күн тәртібіне қатысты ұсыныстар әзірлеумен, материалдар дайындаумен және қоғамдағы мәселелерді түсіндірумен шектелді. Реформа барысында қызметін тоқтатты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) – Президент құратын, заңды тұлға мәртебесі жоқ бұрынғы мекеме. Ол қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат мәселелерімен айналысты. Шешімдері ұсынымдық сипатта болды. Реформа барысында қызметін тоқтатты.

Қазақстан Халық кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жаңа жоғары конституциялық консультативтік орган. Ол сессиялық тәртіппен жұмыс істейді және тағайындау арқылы жасақталады.

Халық кеңесі ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді, Құрылтайға заң жобаларын енгізеді, жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын көтереді, қоғамдық алаңдар мен тыңдаулар ұйымдастырады және қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.

Ол заң қабылдамайды және парламентті алмастырмайды.

Мұның түпкі мәні неде?

Қазақстанда бірінен кейін бірі құрылған құрылтайлар, ассамблеялар мен кеңестерді сырттай бақылап отырған адам үшін бұл жүйенің логикасын түсіну маңызды.

Өйткені мәселе консультативтік органдардың санын жай ғана көбейтуде емес, халық өкілдігі институттарының функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтуде болып отыр.

Бұл – халық өкілдігі мен қоғамдық диалог институттарының дамуындағы кезекті қадам.

Яғни кеңес беруден нақты тетіктерге, түсіндіруден бастама көтеруге, пікірталас алаңынан институционалдық механизмге көшу.

Салыстырулар мен ұқсастықтарға жүгінсек, Халық кеңесі Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының бірқатар функцияларын өзіне алған институт болып саналады.

Оның негізгі міндеті – ішкі саясаттың, қоғамдық келісімнің және жалпыұлттық бірліктің маңызды мәселелері бойынша қоғам мен билік арасындағы тұрақты әрі институционалдық негізде ұйымдастырылған диалогты қамтамасыз ету.

Дереккөз: «Ритм Евразии» ақпараттық-талдау порталы — мақаланың түпнұсқасы Автор: Антон Морозов Жарияланған күні: 28 қыркүйек 2026 жыл. Материалды «Халық кеңесі» ақпарат агенттігі бастапқы дереккөзге сілтеме жасай отырып жариялап отыр.

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.