Мазмұнға өту
Пікір

Халық Кеңесі басқа қоғамдық алаңдардан несімен ерекшеленеді?

190 рет оқылды2 минут оқу

Елімізде конституциялық реформалардың заңды жалғасы ретінде Халық Кеңесі құрылды. Жаңа құрылымның қызметі халық мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде айқындалды, деп хабарлайды halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігі сайтына Egemen.kz сайтына сілтеме жасап

Халық Кеңесінің мәртебесі конституциялық деңгейде бекітілді. Конституциялық заңға сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеруге құқылы. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Медиажобалар бөлімінің басшысы Жанар Төлендинованың айтуынша, бұл аталған құрылымның қоғамдық өкілдігін кеңейте түседі.

«Осы арқылы жаңа институт бұрын болған көптеген қоғамдық алаңдардан түбегейлі ерекшеленеді. Бұған дейін қоғамдық кеңестер, сараптамалық клубтар және консультативтік органдар ұсынымдар әзірлеуде маңызды рөл атқарғанымен, заң шығару процесіне ықпал етудің өз конституциялық тетіктеріне ие болмады. Енді қоғамдық диалог мемлекеттік шешімдер қабылдау жүйесімен тікелей институционалдық байланысқа қол жеткізді», деді ол.

Кеңес қызметінің маңызды ерекшеліктерінің бірі қоғамдық өкілдіктің кең ауқымында болып отыр. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері кірді. Бұл қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді. Десе де азаматтардың қоғамдық қатысу мүмкіндігі тек Кеңес қызметімен шектелмейді. Сарапшының сөзінше, электрондық өтініштер, петициялар мен азаматтардың ұсыныстары енді өкілдер арқылы жиі күн тәртібіне шығарылуы мүмкін.

«Қазақстан Халық Кеңесін жаңа конституциялық архитектураның маңызды институттарының бірі ретінде қарастыруға болады. Оның негізгі миссиясы тек қоғамдық диалогты ұйымдастырумен шектелмей, сонымен қатар қоғамдық бастамаларды нақты заңнамалық және мемлекеттік шешімдерге айналдыруға мүмкіндік беретін тұрақты тетікті қалыптастыру», деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді. Халық Кеңесіне 126 азамат енді.

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.