Мазмұнға өту
Жаңалықтар

Ауылдағы қордаланған мәселелер: Халық Кеңесі Абай облысында нені анықтады?

382 рет оқылды3 минут оқу

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері алғашқы өңірлік жұмыс сапары аясында Абай облысына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сапар барысында ауыл кітапханаларын жаңғырту, білім беру сапасын арттыру және шалғай елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы аяқталғаннан кейін бір аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде Кеңес мүшелері өңірлердегі жұмысын бастады. Алғашқы көшпелі диалог алаңы ретінде Абай облысы таңдалды.

Бұл сапар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, өңірлермен өзара байланысты нығайту және жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді анықтау жөніндегі тапсырмалары аясында ұйымдастырылды.

Жұмыс сапарына Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Кеңес мүшелері Нұртай Сабильянов, Мерей Қарт және Думан Орынбеков қатысты.

Ауыл кітапханалары жаңа форматқа көшеді

Сапардың негізгі бағыттарының бірі – Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылындағы «Жаңа клуб» жобасымен танысу болды.

Ауыл кітапханалары базасында заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруды көздейтін жоба аясында дәстүрлі кітапханалар көпфункционалды орталықтарға айналмақ.

Жаңа форматтағы кітапханаларда коворкингтер, цифрлық сыныптар, шығармашылық даму аймақтары, сондай-ақ құқықтық және компьютерлік сауаттылықты арттыруға арналған кеңістіктер қарастырылған.

Жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарының білім алуға, заманауи технологияларды меңгеруге және шығармашылық қабілеттерін дамытуға қолжетімділігін кеңейту.

Абай облысында 2026–2027 жылдары осы жоба аясында 30 ауылдық кітапхананы жаңғырту жоспарланған.

Шағын жинақты мектептердің мәселесі көтерілді

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Қарауыл ауылынан алты шақырым жерде орналасқан Кеңгірбай би ауылына да барды.

Жұмыс тобы Шәкәрім атындағы орта мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, педагогтармен кездесті. Ауыл мектебінің білім беру мүмкіндіктері, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуі және шағын жинақты мектептердің өзекті мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында жекелеген мәселелерді шешудің жолдары қарастырылып, қажет болған жағдайда оларды заңнамалық деңгейде көтеру жөнінде пікір алмасылды.

Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева білім беру саласы Кеңес қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, әрбір қазақстандық бала тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім мен озық технологияларға тең қолжетімділікке ие болуы тиіс.

«Бірінші Сессиядағы өз сөзінде Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, институтымыздың қызметі формализм мен қағазбастылыққа тіреліп қалмауға тиіс. Біздің басты миссиямыз – қоғамдық пікірталастардың ортасында болу, күрделі мәселелерді ашық көтеріп, оларды шешудің нақты тетіктерін ұсыну. Абай облысына жасалған сапар «Жаңа клуб» комьюнити-орталықтары мен шағын жинақты мектептерді нақты жаңғырту сияқты жобалардың Әділетті Қазақстанды құру жолындағы пәрменді қадамдар екенін көрсетті. Біз тек аманаттарды жинап қана қоймаймыз, өңірлердегі әрбір әлеуметтік бастаманың сапалы жүзеге асырылуын қоғамдық бақылауға аламыз», – деді Ләззат Шыңғысбаева.

Өңірлердегі жұмыс жалғасады

Абай облысына ұйымдастырылған алғашқы жұмыс сапары Қазақстан Халық Кеңесінің өңірлермен тікелей байланыс орнату бағытындағы қызметінің бастамасы болды.

Алдағы уақытта Кеңес мүшелері еліміздің барлық облысына тұрақты түрде жұмыс сапарларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Сапарлар барысында тұрғындар көтерген мәселелерді жүйелеу, әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуын қоғамдық бақылауға алу және оларды шешудің нақты тетіктерін әзірлеу көзделген.

Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесі өңірлердегі қоғамдық диалогты дамыту және жергілікті жерлерде көтерілген мәселелерді мемлекеттік деңгейде талқылау жұмысын жалғастырмақ.

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.