Мазмұнға өту
Жаңалықтар

Қарин: Қоғам бірлігіне нұқсан келтіретін әрекеттер қатаң тоқтатылады

253 рет оқылды4 минут оқу

Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында айтылған бастамалар енді нақты орындау кезеңіне өтті. Бірақ басты мәселе – жаңа институт қоғамдағы күрделі сұрақтарды талқылайтын кезекті алаң болып қала ма, әлде азаматтардың сұранысын мемлекеттік шешімге айналдыратын пәрменді тетікке айнала ма? Бұған дейін halyq-kenesi.kz Халық Кеңесі мен қоғамдық кеңестердің жаңа өзара іс-қимыл моделінің мүмкіндіктері мен тәуекелдерін көтерген еді. Енді Ақордада Вице-Президент Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Халық Кеңесіне қатысты тапсырмаларын жүзеге асыру мәселесін арнайы талқылап, бірқатар бағытты ерекше бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігі.

Ақордада Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен этносаралық келісімді одан әрі нығайту және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында айтқан бастамалары мен тапсырмаларын іске асыру мәселелеріне арналған республикалық жұмыс кеңесі өтті.

Кеңеске Бас прокуратураның, Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының, Сыртқы істер, Ішкі істер, Әділет, Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің басшылығы қатысты.

Қаралған мәселелердің бірінші блогы Мемлекет басшысының Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясын ашу барысында қойған міндеттерін орындауға арналды. Вице-Президент қоғамда Президенттің негізгі тезистерін ілгерілету жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуын ерекше бақылауға алуды тапсырды.

– Конституцияда бекітілген құндылықтық бағдарлар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының мағыналық өзегін құрайды және қоғамдық тұтастықты нығайтудың берік негізін қалыптастырады. Осы тұрғыда мемлекеттің тұрақты дамуының негізі саналатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің конституциялық құндылықтары айрықша маңызға ие. Сондықтан бұл құндылықтарды қоғам санасында кеңінен насихаттау және орнықтыру бағытындағы жүйелі әрі тұрақты жұмысты қамтамасыз ету қажет, – деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар Вице-Президент Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы этносаралық келісім, қоғамдық диалог және өңірлерді дамыту салаларындағы азаматтардың сұраныстарын жинақтап, тоғыстыратын тұрақты қоғамдық алаң қалыптастыру бағытында қазірдің өзінде жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті.

Халық Кеңесінің азаматтардың сұранысын қаншалықты нақты шешімге айналдыра алатыны – жаңа институт алдындағы негізгі сауалдардың бірі. Бұған дейін halyq-kenesi.kz Халық Кеңесінің есептілігі мен өкілеттігі арасындағы арақатынасты арнайы талдаған болатын.

– Мемлекет басшысы алдымызға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың сабақтастығын, дәстүрлері мен үздік тәжірибелерін сақтау жөнінде нақты міндет қойды. Бұл бағыттағы ұйымдастырушылық жұмысты жетілдіруде негізгі рөл Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығына жүктеледі, – деді Ерлан Қарин.

Мәселелердің екінші блогында этносаралық және конфессияаралық келісімнің конституциялық құндылықтарын іс жүзінде жүзеге асыру жайы қаралды.

Ерлан Қарин жаңа Конституцияның қабылдануы және негізгі билік институттарының қалыптасуы нәтижесінде заманауи әрі неғұрлым серпінді мемлекеттік-саяси модельге көшу жүзеге асқанын атап өтті. Оның айтуынша, ішкі саяси жұмыстың аса маңызды бағыттарының бірі – Негізгі заңда бекітілген мемлекеттік қағидаттар мен жалпыұлттық құндылықтарды, соның ішінде Заң мен тәртіп үстемдігін және жалпыұлттық бірлікті нығайтуды қоғам санасына орнықтыру.

– Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біздің елімізде тілдік, этностық, конфессиялық және өзге де белгілер бойынша кемсітуге тыйым салынған. Сондықтан қоғам бірлігіне нұқсан келтіруге бағытталған кез келген әрекет мемлекет тарапынан «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде қатаң түрде тоқтатылатын болады. Өз кезегінде қоғам да жауапкершілік пен парасаттылық танытып, тіл, этносаралық қатынастар, дін секілді сезімтал тақырыптар төңірегіндегі шамадан тыс эмоциялық пікірталастар қоғамымыздың бірлігінің идеологиялық негіздеріне белгілі бір зиян келтіруі мүмкін екенін түсінуі қажет, – деді Вице-Президент.

Қаралған мәселелердің үшінші блогы «Заң және тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» жобасын және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын дәйекті түрде іс жүзінде жүзеге асыруға арналды. Ерлан Қариннің айтуынша, Президенттің бұл бастамалары бірыңғай құндылықтық-мағыналық бағытқа ие және жаңа қоғамдық әдепті ілгерілетуге бағытталған өзара толықтырушы кешенді қалыптастырады.

– Біздің елімізде жалпыұлттық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша орнықты қоғамдық консенсус қалыптасты. Ал кейде белгілі бір резонанс туғызатын түрлі жағдайлар көбіне жекелеген азаматтардың қарапайым мәдениетсіздігі мен өзара құрмет нормаларының болмауынан туындайды. Сондықтан бүгінде жаңа қоғамдық әдепті қалыптастыру және ілгерілету жөніндегі жұмыс аса маңызды, – деді Вице-Президент.

Ерлан Қарин бұл бағыттағы тиімді жұмыс мемлекеттік органдар қызметін тұрақты үйлестіруді және қоғамдық институттармен жүйелі өзара іс-қимылды талап ететінін атап өтті.

Бұл тұрғыда Халық Кеңесінің қоғамдық институттармен байланысы ғана емес, оның ұсыныстарының құқықтық шешімге айналу тетігі де маңызды. Halyq-kenesi.kz бұған дейін Халық Кеңесінің заңнамалық бастамаға ықпал ету мүмкіндігін және оның кімнің мүддесін білдіруі тиіс екенін саралаған еді.

Кеңес қорытындысы бойынша Вице-Президент мемлекеттік органдарға өзара іс-қимылдың неғұрлым тиімді вертикалін қалыптастыру және этносаралық келісімді одан әрі нығайту мақсатында жұмыс тәсілдерін жетілдіруді тапсырды.

Осылайша, алғашқы сессиядан кейін Қазақстан Халық Кеңесінің алдында қойылған міндеттер біртіндеп нақты институционалдық жұмысқа ауыса бастады. Ендігі мәселе – бұл тапсырмалардың қоғам сезінетін нақты нәтижеге ұласуы.

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.