Азамат Байғалиев: Халық Кеңесінде қоғам талабы сөз жүзінде қалмауға тиіс

Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы қоғамның талап-тілегін нақты мемлекеттік шешімдерге айналдыруға қандай мүмкіндік береді? Жаңа институттың саяси жаңғырудағы орны мен заң шығару бастамасы құқығының маңызын Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаласында талдайды. Мақланың түпнұсқадағы тақырыбы «Саяси жаңғыру – алдағы табысты өзгерістердің шарты». halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына сарапшы мақаласының қазақша аудармасын ұсынады.
Қазақстан Халық Кеңесін қалыптастыру кезеңі аяқталды. Меніңше, бұл Қазақстанның саяси жүйесін жаңартуға бағытталған президенттік реформалардың маңызды бір кезеңінің аяқталғанын білдіреді. Мемлекет басшысының барлық шешімі өзара сабақтас әрі елді басқарудың мүлде жаңа жүйесін құруға бағытталған.
Жалпы, реформалар туралы сөз қозғағанда, олардың мазмұны жекелеген ұйымдық өзгерістерден әлдеқайда ауқымды екенін түсіну қажет. Әңгіме мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимыл қағидаттарын, өкілеттіктер мен жауапкершілікті бөлу, шешім қабылдау және оның нәтижесін бағалау тәсілдерін өзгерту туралы болып отыр.
Бұл үдеріс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қабылдаудан басталды. Мемлекет басшысы 2019 жылғы Жолдауында-ақ билік пен азаматтар арасында тұрақты диалог орнату, қоғамның сұранысына жедел жауап беру және азаматтық қоғамды жалпыұлттық міндеттерді талқылауға тарту қажеттігін атап өткен еді. Сол кездің өзінде саяси жаңғыру алдағы өзгерістердің табысты жүзеге асуының қажетті шарты ретінде қарастырылды.
Мәселенің осылай қойылуы басқару ұстанымдарын түбегейлі өзгертуге деген ұмтылыстан туындады. Қоғамның сұранысы мемлекеттік саясатты қалыптастырудың толыққанды негізіне айналуға тиіс болды. Сондықтан қоғамнан келетін үнді ескеріп, оны нақты шешімдерге айналдыратын және азаматтармен кері байланысты қамтамасыз ететін тетіктерді дәйекті түрде қалыптастыру қажет еді.
Осы жолдағы маңызды бетбұрыс 2022 жылғы референдум болды. Ол билік өкілеттіктерін қайта бөлуге, өкілді институттарды жаңартуға, Конституциялық сотты қалпына келтіруге және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік берді.
Биылғы 15 наурыздағы референдумда жаңа Конституцияның қабылдануы түбегейлі өзгерістер кезеңін қорытындылауға негіз қалады. Ел дамуының келесі ұзақ мерзімді кезеңіне ортақ құқықтық негіз қалыптасты. Соның аясында жаңа институттар бекітіліп, олардың өкілеттіктері мен өзара іс-қимыл тетіктері айқындалды. Осылайша, реформалардың жекелеген бағыттары біртұтас жүйеге бірікті.
Жаңа жүйенің негізгі буындарының бірі Құрылтай болды. Оның қалыптасуы заң шығарушы биліктің ұйымдастырылу тәртібін өзгертіп, парламенттік жауапкершілікті бір өкілді органға шоғырландырды.
Вице-президент институты мен Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының құрылуы да айрықша маңызды. Жуырдағы кеңесте Президент аталған құрылымның жаңа мәртебесін ауқымды өзгерістермен тікелей байланыстырып, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, ақпараттық, технологиялық, азық-түлік, су және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше тоқталды.
Бұл мемлекеттік жоспарлаудың аясын заңды түрде кеңейтеді. Бүгінде елдің тұрақтылығы өзара байланысты тәуекелдерді алдын ала бағалай білуіне тәуелді. Сондықтан қауіпсіздік саласындағы талдау және үйлестіру мүмкіндіктерін нығайту егемендікті қорғауға, экономикалық дамуға және азаматтардың өмір сапасына тікелей қатысты.
Осы үдерістер аясында Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы мен алдағы мәслихат сайлауы мемлекеттік саясатты әзірлеуге қоғамның тұрақты қатысуын кеңейтетін аса маңызды буынның қалыптасуын аяқтайды.
Халық Кеңесі Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде Конституцияда бекітілді. Президент осы құрылымның алғашқы сессиясында бұған ерекше назар аударды. Кеңеске ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, Құрылтайға заң жобаларын енгізу және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеру өкілеттіктері берілді.
Әсіресе, заң шығару бастамасы құқығының маңызы зор. Ол қоғамдық талқылау мен заң шығару үдерісінің арасында тікелей байланыс орнатады. Азаматтармен және қоғамдық ұйымдармен жұмыс барысында анықталған мәселе сарапшылардың жан-жақты пысықтауынан өтіп, заң жобасына айналуы мүмкін. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дамуының жоғары сатысы: қоғам көтерген мәселені мемлекеттік шешімге айналдырудың институционалдық жолы қалыптасады.


