Мазмұнға өту
Жаңалықтар

Әміржан Қосан: «Халық Кеңесі билікке жақпайтын пікірлерді жеткізе ала ма?»

504 рет оқылды4 минут оқу

Қазақстандағы саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымын ғана емес, қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынастың жаңа үлгісін де күн тәртібіне шығарды. Конституциялық мәртебеге ие болған Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы осы өзгерістердің маңызды бөлігі саналады.

Алайда жаңа институттың шынайы мүмкіндігі қандай? Ол халықтың үнін билікке жеткізе ала ма? Оның ұсыныстары нақты мемлекеттік шешімдерге қаншалықты ықпал етеді?

Осы және өзге де өзекті сауалдарға жауап іздеу мақсатында «Халық Кеңесі» республикалық қоғамдық-саяси газеті еліміздегі саяси реформаларға қатысты белгілі қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен сарапшылар арасында арнайы сауалнама ұйымдастырып жатыр.

Сауалнамаға қатысқан белгілі журналист, саясаткер Әміржан Қосан Халық Кеңесінің құрылу қажеттілігі, оның Құрылтаймен арақатынасы, қоғамдық пікірдің саналуандығы және жаңа институттың алғашқы жылдағы жұмысын бағалау өлшемдері туралы өз көзқарасын білдірді. Саясаткер әңгіме барысында 1990-жылдары жарық көрген тарихи «Халық кеңесі» газетін де еске алып, оның қоғамдық пікір алаңы ретіндегі тәжірибесіне арнайы тоқталды.

«Халық Кеңесі» газетінің арнайы сауалнамасына берілген жауаптарды halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады.

Әміржан Қосан, журналист, саясаткер

Халық Кеңесі нақты қандай қажеттіліктен туды деп ойлайсыз?

ҚХК өмір қажеттілігінен туды деп ойлаймын.

Кез келген өркениетті елде заң шығарушы орган – Парламент сол елдің қоғамында қандай күштер, ұстанымдар бар, соның бәрін қамтуы шарт. Яғни, Парламент қоғамның айнасы болуы тиіс.

Өкінішке орай, біздегі Парламент – Құрылтайда қоғамдық пікірдің барлық бағыты мен көріністері жинақталған деп айта алмаймыз. Партиялық принциппен құрылған онда партияда жоқ азаматтардың, белгілі бір әлеуметтік, қоғамдық-саяси, соның ішінде, билікке сыни көзқарасы бар  топтар мен тұлғалар әлі де жетіспейді.

Сонымен бірге, бір мандатты округтерден депутаттар сайланбайтын болғандықтан, өңірлердің де мүддесін ойлау керек. Және де елімізде тұрып жатқан басқа диаспоралардың да саяси өмірге араласуына жол ашу міндеті бар.

ҚХК осы кемшін тұсты толықтыру ниетінен туды деп ойлаймын.

Халық Кеңесі халықтың пікірін қаншалықты тікелей жеткізе алады?

Ол ҚХК-нің өзіне, оның құрамындағы мүшелеріне байланысты.

ҚХК мәртебесі Конституцияда анықталған, оған біршама мықты өкілеттік берілген. Егер де ҚХК мүшелері сол құқықтық мүмкіндіктерді толық әрі тиімді түрде пайдаланса, онда олар өз пікірін халыққа да, президентке де, Құрылтай мен үкіметке де, яғни жетер жеріне жеткізе алады. ҚХК құрамында сондай біраз азамат бар деп санаймын. «Қазақстан Халық Кеңесі» дегеннен шығады, кезінде, 90-жылдардың ортасында, біз үкіметте жұмыс істеп жүргенде «Халық кеңесі» деген газет болатын. Ол шынымен де халықтың үні бола алды. Ол басылымда биліктің басқа тармақтарына қатысты сыни мақалалар жарияланып тұрды. Үкімет баспасөз хатшысы ретінде сол сынға, редакция сұрақтарына жауап беріп жүрдік. Осы тәжірибені қайта жаңғыртса, нұр үстіне нұр болар еді. Онда тек қана ҚХК мүшелерінің ғана емес, ресми басылымдарға шыға алмай жүрген азаматтардың да пікір жарияланып, президенттің «әр алуан пікір – біртұтас ұлт» қағидаты іс жүзінде жүзеге асар еді.

Сонымен бірге, ҚХК заманауи ақпараттық мүмкіндіктерді (Интернетті, әлеуметтік желілерді, басқа да коммуникациялық құралдарды) кеңінен пайдаланса, құба құп болар еді.

Халық Кеңесінің ұсынысы мемлекеттік шешімге айналуы үшін нақты қандай қадамдарға барады? Оның билікке ықпалы нақты қандай істерден көрінеді?

ҚХК-нің ең басты тірегі – халық, яғни плюралистік қоғам болуы тиіс. Заң шығарушы билік – Құрылтайдың өз мәртебесі бар. Менің ойымша, ҚХК-нің миссиясы одан кеңірек әрі ауқымдырақ. Сол себепті халықтың көкейіндегі, кейде Құрылтайға да, Үкіметке де жақпайтын пікірлерді жеткізу, солардың негізінде тиісті мемлекеттік шешімдердің – заңдардың, Үкімет қаулыларының – қабылдануына ықпал етуі тиіс.

Құрылтай мен Халық Кеңесінің арасында нақты қандай шекара бар?

Ата Заңымызға салсақ, екеуі екі бөлек құрылым. Әрқайсысының өзіне ғана тиесілі өкілеттіктері бар. Оның үстіне президент «ҚХК Құрылтайдың, ал Құрылтай ҚХК-нің ісіне араласпайды» дегендей ой айтты.

Меніңше, Құрылтай заң шығарушы орган болса, ҚХК – бұған дейінгі Ұлттық Құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясының дамытылған, кеңейтілген, мәртебесі артқан, құқықтық һәм саяси мүмкіндіктері едәуір күшейтілген орган.

Екі құрылым ел тарихында тұңғыш рет құрылып отыр. Қалыптасу, бір-бірімен әріптес ретінде бірлесе жұмыс істеу кезеңі әлі алда, ол тәжірибені де жинақтау қажет.

Кейбір коллизиялар да орын алуы мүмкін. Мәселен, ҚХК Үкіметпен тең дәрежеде Құрылтайға заң жобаларын тікелей енгізу жөніндегі конституциялық құқыққа ие. Ал Құрылтай ол заң жобасын қабылдамаса ше? Заң жобасын ұсыну бір нәрсе, басқа органның ісіне араласу – екінші нәрсе. Осы нәзік саяси қарым-қатынасты сақтай отырып, ҚХК өзінің ел саяси жүйесіндегі орнын ойып алу керек деп ойлаймын.

Бұйырса бұл институттың алғашқы жылдағы нәтижесін немен өлшейміз, қалай бағалаймыз?

Ол баға үш сұрақтың жауаптарына байланысты.

Біріншіден, жаңадан құрылған ҚХК еліміздің саяси жүйесінде өзіне лайықты орнын таба алды ма? Мемлекеттік басқару ісінде президент, парламент, үкімет секілді үштіктің терезесі тең әріптесі бола алды ма?

Екіншіден, халық мүддесін заң шығарушы және атқарушы биліктердің алдында пәрменді де нәтижелі қорғай алды ма?

Үшіншіден, халықтың өмір сүру деңгейі көтерілді ме, баға мен тарифтер ауыздықталды ма, инфляция төмендеді ме, қанша жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды, адамдардың құқы мен бостандықтары лайықты түрде қорғалды ма?

Қазір халықтың көзі ашық, жұрттың саясаттан хабары мол, жылтырақ сөзге сенбейді, билік тармақтарынан нақты, оң нәтиже күтеді.

Міне, сондықтан жоғарыда көрсетілген сұрақтарға берілетін жауаптарға байланысты халық ҚХК жұмысына өз бағасын бермек.

«Халық кеңесі» газеті

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.