Жер қойнауы бай, бірақ ескі әдіс нәтиже бермейді: Тоқаев геологияны түбегейлі өзгертуді тапсырды

Қазақстан минералдық ресурстарға бай болғанымен, жаңа кен орындарын іздеуде бұрынғы әдістерге сүйену енді жеткіліксіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында геологиялық барлау жүйесін түбегейлі жаңартып, жер қойнауын зерттеуге озық технологиялар мен жеке инвестицияларды кеңінен тарту қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы әлемдік нарықта маңызы артып келе жатқан стратегиялық металдардың қорын басқарудың ұлттық жүйесін құруды ұсынып, Үкіметке жыл соңына дейін кәсіпкерлермен бірлесіп нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, жаңа жүйе геологиялық деректердің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тау-кен жобаларын ұзақ мерзімді қаржыландыруға және отандық кәсіпорындар үшін кепілді сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік беруі тиіс. Бұл үшін оффтейк-келісімшарттар тетігін пайдалану ұсынылды.
Мемлекет басшысының сөзін өзгеріссіз ұсынамыз:
«Бұған қоса, еліміздің индустриялық-технологиялық тұрғыдан жедел дамуына қажетті тетіктерді әзірлеу керек.
Қазақстан – минералдар мен шикізатқа бай мемлекет. Бұл – біз үшін стратегиялық жетістік.
Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек.
Бізге озық технологиялардың көмегімен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашықтығын және қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн.
Бәріңізге мәлім, қазір айрықша маңызды металдардың рөлі артып келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бізге де осындай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет.
Аталған жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс.
Елімізде осы бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарт жасау арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз еткен жөн.
Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Осы мәселені кәсіпкерлермен бірлесе талқылап, жыл соңына дейін маған нақты ұсыныс енгізу қажет».
Тақырыпқа қатысты материалдар
- Суперкомпьютер бар, нәтиже қайда? Мұрат Әбенов ЖИ жобаларын сынға алды
- Ластаушы кәсіпорындарға экопаспорт енгізіле ме? Халық Кеңесі экологиялық бақылаудың жаңа тетіктерін талқылады
- «Реформа үшін реформа керек емес»: Мұрат Әбенов Халық Кеңесінде нені өзгертпек?
- Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді: Тоқаев инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын жариялады


