Мазмұнға өту
Жаңалықтар

«Баладан үнемдеу басталды ма?»: Мұрат Әбенов жәрдемақыны қысқарту ұсынысын сынға алды

866 рет оқылды2 минут оқу

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов бала тууға байланысты жәрдемақыны отбасының табысына қарай шектеу жөніндегі ұсынысқа қарсы пікір білдірді, деп хабарлайды halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігі. Ол Facebook парақшасында сәбилерді ата-анасының әлеуметтік жағдайына қарай «бай» және «кедей» деп бөлмеуге шақырды.

«Мемлекетке бала саны көбейгені керек пе? Сәбиді “бай” мен “кедейге” бөлуді тоқтату керек!» – деп жазды Мұрат Әбенов.

Оның пікірінше, дүниеге келген әрбір бала мемлекет тарапынан тең қолдау алуға тиіс. Халық Кеңесінің мүшесі бұл ұстанымын төрт негізгі дәлелмен түсіндірді.

Әр бала – тең құқылы азамат

Мұрат Әбенов баланың құқығы ата-анасының табысына тәуелді болмауы керектігін атап өтті.

«Әр сәби – мемлекеттің жаңа азаматы. Оны ата-анасының табысына қарап алалауға болмайды», – дейді ол.

Оның айтуынша, бала тууға байланысты төлемді әлеуметтік көмек немесе қайыр-садақа ретінде қарастыру дұрыс емес.

«Жәрдемақы – қайыр-садақа емес, дүниеге келген әрбір жаңа өмірге мемлекеттің көрсететін қолдауы», – деп жазды ол.

Бүгін ауқатты, ертең мұқтаж болуы мүмкін

Әбенов отбасының материалдық жағдайы өзгермейтін көрсеткіш емес екенін де алға тартты.

Оның пікірінше, бүгін табысы жоғары отбасы ертең жұмысынан немесе тұрақты кірісінен айырылып, қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Сондықтан мемлекет балаларды ата-анасының қазіргі табысына қарап бөліп-жармауы тиіс.

«Бай» мен «кедейге» бөлу қағазбастылықты көбейтпей ме?

Халық Кеңесінің мүшесі жәрдемақыны отбасының табысына қарай саралау жаңа бюрократиялық кедергілерге жол ашуы мүмкін екенін де ескертті.

Оның сөзінше, отбасыларды «мұқтаж» және «ауқатты» деп бөліп, олардың табысын дәлелдету қағазбастылықты көбейтіп, әділетсіздік пен жемқорлық тәуекелін туғызуы мүмкін.

«Баладан үнемдеу – елдің болашағынан үнемдеу!» – деп жазды Мұрат Әбенов.

«Көп бала тууды қолдау саясаты өзгерді ме?»

Мұрат Әбенов мәселенің демографиялық жағына да назар аударды.

«Әлде мемлекеттің көп бала тууды қолдайтын саясаты өзгергені ме? Онда солай ашық айту керек», – деді ол.

Осылайша, Халық Кеңесінің мүшесі жәрдемақы мәселесін тек әлеуметтік төлем ретінде емес, мемлекеттің демографиялық саясаты мен балаларға деген көзқарасының көрсеткіші ретінде қарастыруға шақырды.

Ол қоғамға да сауал тастады: бала тууға берілетін жәрдемақы барлық балаға бірдей берілуі керек пе, әлде отбасының табысына қарай шектелуі тиіс пе?

WhatsApp ↗Telegram ↗

Осы тақырыптағы материалдар

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңалықтардан хабардар болыңыз.