Халық Кеңесі халықаралық мінберде айтылды. Енді сөз нақты іске айнала ма?

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясында Қазақстан Халық Кеңесінің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды, деп хабарлайды halyq-kenesi.kz «Казахстанская правда» басылымына сілтеме жасап.
Артур Ластаев Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған құқықтық әрі қоғамдық тетіктер қалыптасқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде елде 120-дан астам этнос өкілдері тұрады, 957 этномәдени бірлестік пен үш мыңнан астам қоғамдық құрылым жұмыс істейді.
Омбудсмен осы жүйедегі Қазақстан Халық Кеңесінің орнына арнайы тоқталды.
Ол Халық Кеңесін халықтың мүддесін білдіретін және жалпыұлттық бірлікке ықпал ететін жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде атады. Кеңес құрамында 126 адам бар, соның 42-сі – этномәдени бірлестіктердің өкілдері.
Бұл – жаңа институттың халықаралық алаңда қоғамдық келісім тетіктерінің бірі ретінде атала бастағанын көрсетеді.
Алайда Халық Кеңесінің мәртебесі мен өкілеттігі өскен сайын оның нақты қоғамдық нәтижесіне қатысты сұрақ та маңыздана түседі.
Бұған дейін halyq-kenesi.kz «Халық Кеңесі кімге есеп береді: өкілеттік айқын, есептілік неге көмескі?» атты сараптамасында Кеңестің кең өкілеттігіне қарамастан, қоғам алдындағы мерзімді есептілік тетігінің қаншалықты айқын екеніне назар аударған еді.
Жаңа Конституция Халық Кеңесіне қоғамдық пікір білдіретін консультативтік алаң болумен ғана шектелмейтін мүмкіндіктер берді. Кеңес Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және жалпыхалықтық референдум өткізу жөнінде бастама көтеруге құқылы.
Осыған байланысты редакция бұған дейін «Халық Кеңесі заң ұсына алады. Бірақ ол кімнің заңын ұсынады?» деген мәселені де көтерген болатын.
Мұндағы негізгі сұрақ – қоғамдағы нақты мәселе мен азаматтардың ұсынысы Кеңес арқылы заңнамалық шешімге қаншалықты жиі айналады?
Өңірлердің даусы естіле ме?
Халық Кеңесінің тағы бір маңызды ерекшелігі – оның құрамындағы өкілдік жүйесі. 126 мүшенің бір бөлігі этномәдени бірлестіктерден, бір бөлігі қоғамдық ұйымдардан, тағы бір бөлігі мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден ұсынылған.
Бұл модель өңірлердегі қоғамдық пікірді республикалық деңгейге жеткізуге мүмкіндік беруі тиіс.
Алайда бұл тетік тек өкілдердің құрамда болуымен шектелмеуі керек. Өңірден көтерілген мәселенің Астанаға жетуі, қаралуы және нақты шешімге айналуы – Кеңестің тиімділігін көрсететін негізгі өлшемдердің бірі.
Бұл мәселе жөнінде сайтымызда «Өңірлердің үні Астанаға жете ме: Халық Кеңесі жаңа жұмыс кезеңіне кірісті» атты арнайы материал жарияланған.
Комитеттер құрылды. Енді нәтиже керек
Халық Кеңесі қазір ұйымдастырушылық кезеңнен нақты жұмыс кезеңіне өтіп келеді.
6 қазанда Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің алғашқы отырысы өтіп, оның салалық комиссияларының құрамы бекітілді. Комиссиялар мәдениет пен азаматтық бірегейлік, спорт және әскери-патриоттық тәрбие, жалпыұлттық бірлік пен басқа да бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді.
Комиссиялардың толық құрамы туралы осы материалдан оқуға болады.
ЕҚЫҰ мінберінде Халық Кеңесінің аталуы – жаңа институттың халықаралық деңгейде таныла бастауының белгісі.
Бірақ Кеңестің беделі оның қанша халықаралық мінберде аталғанымен емес, қанша қоғамдық мәселені нақты шешімге жеткізгенімен, қанша ұсынысты заңға айналдырғанымен және халыққа өз жұмысының нәтижесін қаншалықты ашық көрсете алғанымен өлшенеді.
Сондықтан ендігі басты мәселе – мәртебе емес, нәтиже.


